Ламин Ямаль бір матчта «Барселона» мен «Реалдың» рекордтарын жаңартты
«Барселонаның» вингері Ламин Ямаль каталониялық клуб сапында 50 және одан көп гол соққан ең жас ойыншы атанды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұл жетістік Испания Ла Лигасының 3-турындағы «Барселона» мен «Райо Вальекано» арасындағы матчта тіркелді. Каталониялықтар қарсыласын 5:2 есебімен жеңді.
Ламин Ямаль дубль авторы атанып, «Барселонаның» аты аңызға айналған бұрынғы шабуылшысы Хосеп Эсколаға тиесілі 91 жыл бойы сақталған рекорды жаңартты.
Эскола 1935 жылы 20 жас 356 күнінде «Барселона» сапындағы 50-голдық межеге жеткен болатын. Содан бері бұл көрсеткішке ең жақын келген ойыншы аргентиналық Лионель Месси болды. Алайда ол 50 голды 21 жас 120 күнінде соқты. Ал Ямаль рекордты жаңартқан сәтте 19 жас 49 күнде еді.
Сонымен қатар Ямаль Испанияның кәсіби футбол тарихында клуб сапында 50 ресми гол соққан ең жас ойыншы атанды. MisterChip статистикалық аккаунтының мәліметінше, Ямаль бұл көрсеткіш бойынша бұрынғы рекордшы Рауль Гонсалестен де озып кетті.
«Реал» аңызы 50 голдық межеге 19 жас 249 күнінде жеткен еді.
Испания чемпионатындағы үш матчтан кейін «Барселона» тоғыз ұпай жинап, турнир кестесінде бірінші орында келеді.