locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Қатты соққы жасайтын қарсыластармен айқаста мұндай қателіктерге жол беруге болмайды»: бапкер Нұрғожайдың UFC-дегі жеңісіне баға берді

Қазақстандық файтер Дияр Нұрғожай UFC-де қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізді. Ол Дохада өткен UFC Fight Night турнирінде америкалық Алик Лоренсті жеңді
ММА
«Қатты соққы жасайтын қарсыластармен айқаста мұндай қателіктерге жол беруге болмайды»: бапкер Нұрғожайдың UFC-дегі жеңісіне баға берді
@nurgozhay_diyar

Айқас екінші раундта аяқталды: Нұрғожай дәл тиген хай-кикпен қарсыласын нокдаунға түсіріп, артынша соққыларын жалғастырып, техникалық нокаутпен жеңіске жетті, деп хабарлайды Sports24.kz.

Жекпе-жектен кейін Saq Pro Team кәсіби командасының бас бапкері Дәулет Нұрланұлы Sports24.kz тілшісіне берген сұхбатында қазақстандық файтердің өнеріне баға беріп, оның психологиялық тұрғыдан өскенін атап өтті және алдағы айқастарда қиындық тудыруы мүмкін қателіктерге назар аударды.

«Дияр психологиялық тұрғыдан айтарлықтай өсті»

Нұрланұлының пікірінше, әр жаңа жекпе-жек сайын Нұрғожай өз күшіне сенімді бола түсуде. Әсіресе файтердің психологиялық дайындығындағы өзгерістер байқалады: енді ол октагонда сабырлы әрі салқынқанды әрекет етеді.

«Диярдың өзіне сенімділігі артқаны және әр жекпе-жекте өсіп келе жатқаны көрініп тұр. Әсіресе психологиялық тұрғыдан ілгерілеуі байқалады. Бұл айқасқа да сенімді шықты, артық әбігер болған жоқ», - деді бапкер.

Алайда маман Нұрғожайдың бірнеше қауіпті соққы өткізіп алған сәттеріне назар аударды. Нұрланұлының байқауынша, мұндай жағдай қазақстандық файтер көзіне қолын тигізіп, бір сәтке көру мүмкіндігін шектеген кезде болған.

«Көз тұсындағы жүйке тикасына байланысты ол басына бағытталған екі жақсы соққыны өткізіп алды. Егер Дияр болашақта соққысы жойқын қарсыласпен кездессе, мұндай қателіктерге жол беруге болмайды. Оның үстіне, қарсыласы Нұрғожай көзіне қолын тигізіп, көру аймағын жапқан сәттерде соққы жасады», - деп түсіндірді Нұрланұлы.

«Сол аяқпен жасалатын соққы – Нұрғожайдың фирмалық әдісі»

Бапкер айқастың әсерлі аяқталуына да жеке тоқталды. Оның айтуынша, сол аяқпен жасалатын соққы Диярдың басты қаруларының бірі саналады. Ол бұл әдісті әуесқойлар арасындағы жарыстарда да сәтті қолданған.

«Сол аяқпен жасайтын соққысы – оның фирмалық әдісі. Әуесқой деңгейде жүргенде де осы соққысымен талай мықты файтерді нокдаунға түсірген. Орындау техникасы өте жақсы қалыптасқан», - деді маман.

Нұрланұлы Қатардағы сәтті өнер көрсетуі Нұрғожайдың дамуын жалғастырып, өз дивизионындағы жетекші орындарға біртіндеп жақындай түсуіне көмектеседі деген үміт білдірді.

«Диярдың жеңгеніне қуаныштымын. Алдағы уақытта ол қадам сайын өсіп, дамып, рейтингте жоғарылай береді деп үміттенемін», - деп түйіндеді бапкер.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie