«Бавария» «Боруссияны» жеңіп, Германия Суперкубогын иеленді
Мюнхеннің «Бавариясы» Германия Суперкубогының жеңімпазы атанды. Шешуші кездесуде команда Дортмундтың «Боруссиясымен» кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Дортмундта өткен матч алғашқы минуттардан-ақ тартысты болды. Алаң иелері шабуылмен жауап беруге тырысқанымен, алғашқы нақты нәтижеге Германияның қазіргі чемпионы қол жеткізді.
28-минутта Майкл Олисе Натаниэль Браунға пас шығарды. Ол мүмкіндігін сәтті пайдаланып, «Баварияны» алға шығарды - 0:1.
Голдан кейін мюнхендіктер қорғанысқа шегінбей, қысымды жалғастырды. Бұл әрекет бірінші таймның соңында нәтижесін берді. 45+1-минутта бұған дейін нәтижелі пас берген Олисе өзі де гол соғып, есепті 0:2-ге жеткізді.
Үзілістен кейін «Боруссия» ойынын күшейтіп, кездесудің барысын өзгертуге тырысты. Дортмундтықтар қарсылас қақпасына жиі жақындай бастады және 75-минутта есеп айырмасын қысқартты. Даниэль Свенссон бастаған шабуылды Фабиу Силва дәл соққымен аяқтады - 1:2.
Қалған уақытта алаң иелері есепті теңестіруге ұмтылды, бірақ «Бавария» қорғанысы сыр бермеді. Матчтың соңында дортмундтықтардың жағдайы одан сайын қиындады: 90-минутта Рами Бенсебайни тікелей қызыл қағаз алып, командасын азшылықта қалдырды.
Германия Суперкубогы-2026
«Боруссия» Дортмунд - «Бавария» - 1:2
Голдар: Браун, 28 (0:1), Олисе, 45+1 (0:2), Фабиу Силва, 75 (1:2).
Қызыл қағаз: Бенсебайни, 90 («Боруссия»).
Осылайша, «Бавария» жаңа маусымды жүлдемен бастады. Өткен маусымда мюнхендік клуб Бундеслигада 89 ұпай жинап, Германия чемпионы атанған. Сонымен қатар команда ел кубогын да жеңіп алды.
«Баварияның» чемпионат пен кубокты қатар иеленуі «Боруссияға» Суперкубок матчына қатысуға мүмкіндік берді. Дортмундтық клуб өткен Бундеслига маусымын 73 ұпаймен екінші орында аяқтаған.