Рыбакина қатысқан турнирдің жүлде қоры теннис жұлдыздарының көңілінен шықпады
Әлемнің үздік 20 теннисшісі Франция ашық чемпионатының ұйымдастырушыларына хат жолдап, олардың пікірінше, турнирдің жүлде қорының тым аз мөлшерде өскенін сынға алды, деп хабарлайды Sports24.kz .
Сәуір айында «Ролан Гаррос» ұйымдастырушылары турнирдің жүлде қоры 2025 жылмен салыстырғанда 9,53%-ға өсіп, 61,7 млн еуроға жететінін мәлімдеді. Жекелей сындағы жеңімпаздар 2,8 млн еуро, финалистер 1,4 млн еуро алады.
«Ойыншылардың «Ролан Гаррос» турнирінен түсетін кірістегі үлесі 2024 жылғы 15,5%-дан 2026 жылы болжанып отырған 14,9%-ға дейін төмендеді. Турнир өкілдерінің айтуынша, 2025 жылы «Ролан Гаррос» 395 млн еуро көлемінде табыс әкелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 14%-ға көп, алайда жүлде қоры небәрі 5,4%-ға өсіп, ойыншылардың кірістегі үлесі 14,3%-ға дейін азайды. Биыл турнирден түсетін табыс 400 млн еуродан асады деп болжанып отырғандықтан, жүлде қорының жалпы табыстағы үлесі әлі де 15%-дан төмен болуы ықтимал. Бұл ойыншылардың «Үлкен дулыға» турнирлерін ATP және WTA бірлескен турнирлерімен сәйкестендіру үшін сұраған 22%-ынан айтарлықтай аз», - деп Associated Press хат мәтінінің бір бөлігін келтіреді.
Бұл 20 теннисшінің қатарында әлемнің бірінші ракеткалары — италиялық Янник Синнер мен белорустық Арина Соболенко, сондай-ақ испаниялық Карлос Алькарас, сербиялық Новак Джокович және америкалық Кори Гауфф бар.
«Ролан Гаррос» турнирі
«Ролан Гаррос» негізгі кезеңінің матчтары Париждің грунт корттарында 24 мамыр мен 7 маусым аралығында өтеді. Турнирдің жекелей сындағы қазіргі чемпиондары — испаниялық Карлос Алькарас пен америкалық Кори Гауфф.
«Үлкен дулыға» санатындағы грунт турнирінің ұйымдастырушылары Рыбакинаға екінші нөмірлі себінді берді. Бірінші себінді белорустық Арина Соболенкоға, үшінші себінді АҚШ өкілі Кори Гауффқа тиесілі.
Қазақстанның тағы бір өкілі Юлия Путинцева тізімге 77-нөмірмен енді. Елена Рыбакина былтыр төртінші айналымға дейін жетіп, сол кезеңде Польшадан келген Ига Швёнтекке есе жіберді.