Құламбаева италиялық спортшымен жұптасып Мадридтегі турнирде жеңіске жетті


Бұл – олардың W100 сериясындағы алғашқы табысы.
Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева италиялық Николь Фосса Уэргомен бірге Мадридте өткен ITF W100 сериясындағы турнирдің жұптық разрядында чемпион атанды.
Бүгін Жібек Құламбаева мен Николь Фосса Уэрго ITF W100 турнирінің жұптық сайысында жеңіске жетті.
Финалда олар испаниялық Марина Бассольс пен Андреа Ласаро Гарсиядан 2:1 есебімен басым түсті. Матч барысында олар батылдық пен жоғары деңгейдегі үйлесімді ойынды көрсетті.
Турнир бойы Құламбаева мен Фосса Уэрго ешбір матчта жеңілмей, сенімді түрде финалға жол тартты.
Бұл жеңіс Жібек Құламбаеваның спорттық мансабындағы маңызды жетістіктердің бірі саналады және оның жұптық разрядтағы әлемдік рейтингтегі орнын нығайта түседі.
25 жастағы Құламбаева осы уақытқа дейін Халықаралық теннис федерациясы (ITF) аясында өткен турнирлерде 38 титул жеңіп алған, оның ішінде 33 рет жұптық, 5 рет жеке сында топ жарған.
Құламбаева мен Уэрго бұл жеңіспен бірге бесінші рет жұптасып турнир ұтты. Бұл – олардың осы маусымдағы алғашқы және W100 сериясындағы тұңғыш трофейі.
