Елена Рыбакина соңғы сәтсіздіктері жайлы: "Биыл көптеген қиындықтарды бастан өткердім"
Әлемнің бесінші ракеткасы, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина WTA қорытынды турнирінің алдында денсаулығына байланысты ұзақ уақыт бойы теннис ойнамағанын мойындады.
“Мен жаттығуды шамамен екі жарым апта бұрын бастадым. Қазір бел жарақаты мазаламайды және бұл мені қуантады. US Open турнирінен кейін бір жарым айдай ойнамадым. Қалпыма келу үшін уақыт қажет болды, қазір өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін.
Биыл көптеген қиындықтарды бастан өткердім: ұйқысыздық сияқты ұйқы мәселелерінен бастап, аллергияға дейін түрлі қиындықтар кездесті. Осындай қарқынды өмірде үзіліс жасау қиынға соғады. Алайда, аздап тыныққан соң, өзімді керемет сезінемін.
Әрине, үзілістен кейін қайта оралу оңай емес, бірақ соңғы екі аптада жасаған жұмысымызға ризамын. Әлі де толық дайын емеспін, бірақ турнирдің басталуын асыға күтіп, денімнің сау екеніне қуанамын”, — деді Рыбакина баспасөз мәслихатында.
Қазақстанның бірінші ракеткасы тамыз айының соңынан бері жарақатына байланысты ресми матчтарға шықпағанын еске сала кетейік. Қорытынды турнирде әлемнің бесінші ракеткасы Рыбакина Фиолет топта беларустік Арина Соболенко, итальяндық Жасмин Паолини және қытайлық Чжэн Циньвэнмен кездеседі.
Рыбакина турнирді Паолинимен матчтан бастайды. Ойын 2 қараша, сенбі күні, Астана уақытымен 21:30-да өтеді.
Футбол
Бүгін 07:38
Басқа спорт түрлері
Бүгін 05:25
ММА
Бүгін 03:20