Елена Рыбакина: Ел намысын қорғау – қашанда құрмет


Қазақстандық теннистің басты жұлдыздарының бірі, Уимблдон чемпионы Елена Рыбакина 10–11 сәуір күндері Аустралияның Брисбен қаласында өтетін Билли Джин Кинг кубогы матчтарына қатысу алдында әсерімен бөлісті.
«Брисбен – мен үшін ерекше қала. Өткен жылы осындағы турнирде жеңімпаз атандым. Әрине, маусым ортасында Аустралияға келу қолайлы емес. Өйткені Еуропада топырақ төсенішіндегі жарыстар басталды, ал мұнда хардта жүрміз. Дегенмен ұлттық құрама сапында ойнау мен үшін абырой, жақсы өнер өрнегін көрсетуге тырысамыз», — деді Рыбакина ҚТФ баспасөз қызметіне берген сұқбатында.
Айта кетейік, алдағы жекелей матч Рыбакина үшін ұлттық құрама сапындағы оныншы кездесу болмақ.
«Шынымды айтсам, мұны білмеппін. Бірақ, әрине, бұл көрсеткіш ұнайды. Мен Қазақстан сапында халықаралық аренада үнемі өнер көрсетуге бейілдімін. Біздің кестеміз оңай емес, алайда құрама үшін ойнауға мүмкіндік туған кезде оны мүлт жібермеуге тырысамын. Ел намысын қорғау – қашанда құрмет», — деп атап өтті теннисші.
Сондай-ақ Елена Қазақстан құрамасының алдағы қарсыластары - Аустралия және Колумбия командаларына қарсы жақсы нәтиже көрсететініне сенім білдірді.
«Бізде жеңіске жету үшін толық мүмкіндік бар. Додаға жақсы дайындалдық. Өзімізге сенеміз»
Сөз соңында Елена жанкүйерлерге де үндеу жолдады.
«Бізді қолдаңыздар! Сіздердің қолдауыңыз өте маңызды. Біз өз тарапымыздан сіздерді қуантып, жеңіске жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз».
Елена Рыбакина WTA рейтингісінде 10-орында тұр. Ол Билли Джин Кинг кубогына қатысу үшін Штутгарттағы WTA 500 турнирінен бас тартты, атап өтетін бір жайты бұл жарыста ол өткен жылы чемпион атанған болатын.