Бублик Туриндегі ATP Challenger турнирінде камбэк жасап, ширек финалға жолдама алды


Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Италияның Турин қаласында өтіп жатқан ATP Challenger санатындағы турнирдің екінші кезеңінде ерік-жігерін көрсетіп, жарқын жеңіске қол жеткізді. Ол жергілікті теннисші Федерико Арнабольдимен болған матчта алғашқы сетте 0:6 есебімен ойсырай жеңілгенімен, қалған екі партияда басымдық танытып, кездесуді өз пайдасына аяқтады - 6:3, 6:3.
ATP Challenger Турин. Грунт. 1/8 финал
Александр Бублик (Қазақстан) - Федерико Арнабольди (Италия) – 2:1 (0:6, 6:3, 6:3)
Кездесу 1 сағат 37 минутқа ссозылды. Екінші сеттен бастап Бублик агрессиясын күшейтіп, допты ойынға қосуда сенімділік танытты әрі ұзақ пастарда үстемдік көрсетті. Шешуші партияда қазақстандық теннисші ойын тізгінін толық қолына алып, қарсыласын еш мүмкіндіксіз қалдырды.
Осылайша, Александр Бублик Турин турнирінің ширек финалына өтті. Келесі айналымда ол аргентиналық Томас-Мартин Этчеверримен кездеседі.

