«Білмеймін, бірақ байқап көреміз!» Коболли Уимблдон-2025 турнирінде Бубликпен жұптасуы туралы айтты


Әлемдік рейтингте 24-орында тұрған итальян теннисшісі Флавио Коболли Уимблдон-2025 турнирінде ATP рейтингінің 45-ракеткасы, қазақстандық Александр Бубликпен жұптасып ойнайтындығы туралы ойымен бөлісті.
«Барлығы бұл жаңалықты көрген шығар, иә?! Шынымды айтсам, Саша маған жазғанда таң қалдым. Тура сұрадым: «Неге мені таңдадың? Мен жұптық ойында мықты емеспін ғой!» Бірақ біз жақсы достармыз, бір-бірімізді әрқашан қолдап жүреміз, сондықтан бас тарта алмадым. Тек Саша менің қателігіме бетімді тыржитып қарамаса екен деп үміттенемін - әйтпесе маған қиындау болады (күледі). Бірақ ең бастысы - біз өте жақсы уақыт өткіземіз, бұған сенімдімін! Ал егер бірнеше жеңіске де жетсек, тіпті керемет болар еді!» - деді Коболли Sky Sport Italia арнасына берген сұхбатында.
Әйгілі шөпті жабынның басты турнирі - Уимблдон - Лондонда 30 маусымда басталып, 13 шілдеде аяқталады.
Ал Александр Бублик қазіргі уақытта Галледегі шөпті турнирде жарқын өнер көрсетуде. Қазақстандық теннисші ширек финалда чех Томаш Махачты жеңді. Бірінші сетте тай-брейкте басым түсіп, екінші партияны 6:3 есебімен жеңіске жеткізді. Осы жеңісінің арқасында Александр беделді турнирдің жартылай финалына шықты.

