Қазақстандық теннисшілер WTA лайв рейтингінде: Рыбакина мен Путинцева позицияларын жоғалтты, Дияс көтерілді


Мадридте өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы турнир (Madrid Open) аясында Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) жаңартылған лайв-рейтингі қалыптасып жатыр. Қазақстандық теннисшілер өз матчтарын өткізіп үлгерді, соған сәйкес олардың рейтингтегі позициялары да өзгерді.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина бір саты төмендеп, қазіргі уақытта 12-орынға жайғасты. Ол Мадридтегі жарысты екінші айналымда аяқтады. Үш сетке созылған кездесуде украиналық Элина Свитолинаға жол берді.
Юлия Путинцева бірден бес орынға төмендеді - 24-орыннан 29-сатыға сырғыды. Оның Мадрид турнирінен ерте шығып қалуы (екінші айналымда швейцариялық Ребекка Масароваға есе жіберді) апта ішіндегі басты күтпеген оқиғалардың бірі болды.
Ал Жібек Құламбаева мен Зарина Дияс рейтингте оң өзгеріс көрсетті. Құламбаева бір саты жоғарылап, 311-орынға көтерілсе, Дияс тоғыз сатыға ілгерілеп, қазіргі таңда 317-орында тұр.
Жұптық есепте Анна Данилина 17-орынды сақтап, әлемнің үздік 20 жұп ойыншысы қатарында қалды. Ол Мадрид турнирінде ресейлік Ирина Хромачевамен бірге өнер көрсетті. Бұл дуэт 1/8 финал сатысында тоқтады. Ал жұптық жарысты жалғастырып жүрген Юлия Путинцева 76-орында тұр.
WTA рейтингі ресми түрде Мадрид турнирі аяқталғаннан кейін, 5 мамыр күні жаңартылады.

Теннис
Бүгін 07:51

Хоккей
Бүгін 02:26