Тарихи жетістік. «Жетісу» Азия чемпиондар лигасының алғашқы жеңімпазы атанды


Қазақстандық әйелдер волейбол клубы «Жетісу» азиялық волейбол тарихына өз атын алтын әріптермен жазды. Талдыкорғандық команда Филиппиннің Пасиг қаласында өткен Азия чемпиондар лигасының алғашқы маусымында жеңімпаз атанып, құрлықтың үздік клубы мәртебесіне ие болды.
Финалдық бәсекеде қазақстандықтар Вьетнамның «Бинг Дьен Лонг» командасымен күш сынасып, 3:1 есебімен айқын жеңіске жетті. Бұл ойында «Жетісу» қарсыластарына тұтас турнир барысында алғаш рет бір сет беріп қойды (екінші партия). Дегенмен, Марко Гршичтің шәкірттері бұл сәтсіздікті еңсеріп, ойынның қалған бөлігінде мүлтіксіз өнер көрсетті.
Турнир жолында «Жетісу» ешбір қарсыласына сет бермей, топтық кезең мен плей-оффта өз үстемдігін анық байқатқан еді. Финал команда үшін нағыз сын болды және ол сыннан олар абыроймен өтті.
Бұл жеңіс «Жетісу» клубының тарихындағы тұңғыш Азия чемпионы атағын алып келді. Осылайша, талдықорғандық ұжым бұған дейін Азияны бағындырған қазақстандық клубтардың қатарын толықтырды. Бұған дейін құрлықтың басты кубогын «Рахат» (2004, 2007), «Алтай» (2021) және «Қуаныш» (2022) сынды командалар жеңіп алған еді.
Айта кетейік, финалистер - «Жетісу» мен «Бинг Дьен Лонг» енді Азияның намысын әйелдер арасындағы клубтық әлем чемпионатында қорғайтын болады.

Теннис
Кеше 23:15


Басқа спорт түрлері
Кеше 16:29