Таразда қазақ күресінен ел чемпионаты өтіп жатыр
Тараз қаласында қазақ күресінен ересектер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп жатыр.
"Тараз-Арена" спорт кешенінде өтіп жатқан жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және 17 облыстан 450-ден астам балуан қатысуда.
Жарыстың ашылу салтанатына ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысып, соңғы жылдары қазақ күресінің қарқынды дамып келе жатқанын және чемпионаттың маңыздылығын атап өтті.
“Мемлекет басшысының қолдауымен ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Соның ішінде ұлттық брендіміз – қазақ күресінің орны бөлек. Атап айтқанда, әлемнің 40-тан астам елінде қазақ күресі федерациялары жұмыс істейді. Төл күресіміз жабық ғимараттағы Азия ойындарының, Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының бағдарламасына енді. Балуандарымыз Астанада өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында үздік нәтиже көрсетіп, 12 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль иеленді. Спортшыларымыздың халықаралық додаларда топ жарып, ұлт абыройын асқақтатып жүргені біз үшін үлкен мақтаныш! Бүгінгі жарысқа сақа балуандармен қатар жас спортшылардың тәжірибесін жетілдіріп, салауатты, белсенді өмірсалтын кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақтың қазақ күресіне деген қызығушылығын арттырады деп сенемін”, – деді Ербол Мырзабосынов.
Білекті балуандар бәсекесі КСРО-ның және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Марат Нұрмұхамбетұлы Жақыттың 80 жылдық мерейтойына орайластырылып отыр. Осы орайда, Министр саналы ғұмырын ұлттық күреске арнаған Марат Нұрмұхамбетұлына Құттықтау хатын табыстады.
Марат Жақыт – 20 жыл Қазақстан, 10 жыл КСРО құрамасын басқарып, спортқа зор еңбек сіңірген тұлға. Ол жалпы 2 еңбек сіңірген спорт шеберін, 25 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 130 спорт шеберін тәрбиелеген.
Айта кетейік, балуандар ел біріншілігінде 16 салмақ дәрежесінде бақ сынап жатыр.
Футбол
Бүгін 07:38
Басқа спорт түрлері
Бүгін 05:25
ММА
Бүгін 03:20