Спорт және мәдениет министрі қазақстандық жаттықтырушылардың шетелдегі жұмысы туралы пікір білдірді
ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бапкерлердің біліктілігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
“Бокстан жеңіліс біз үшін ауыр, халық алаңдайды. Бұл жағдайды біз жақсы түсінеміз. Қазіргі таңда әлемдік бокс деңгейінде біз де жұмыстарымызды дұрыс бағытта жүргізіп жатырмыз. Әрине, бұл мәселені бір ғана бапкер шешпейді. Ұлттық құраманың 7-8 бапкері бар, биыл Олимпиададан кейін бокс федерациясы барлық бапкерлерді біріктірді. Кеше боксқа қатысты талдау жүргіздік: қыздарымыз жақсы өнер көрсетті, бірақ ұлдарымыз 5 финалда жеңіліс тапты. Осыдан кейін толық талдау жүргізіліп, ауқымды жұмыс атқарылатын болады. Бұл жерде тек бапкер ғана емес, спорттық ғылым, спорттық талдама, спорттық медицина мәселелері де маңызды. Барлық осы аспектілер жүйелі түрде біріктірілгенде ғана нәтижеге қол жеткізе аламыз. Біздің басты мақсатымыз – Олимпиадада жеңіс”, - деді Ербол Мырзабосынов.
Министр сондай-ақ елдегі бапкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында халықаралық тәжірибелерді енгізіп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, шетелде қызмет атқарып жүрген Бақыт Сәрсекбаев пен Есбол Сұлтанов сияқты тәжірибелі мамандарды елге шақырып жатқанын айтты.
“Өзбекстандағы әлем чемпионатында біздің құрамамыз 4 алтын медаль жеңіп алған. Көршілес елдерде 5 алтын болды. Бірақ Олимпиадада бізде 1 күміс, көршілес елдерде 5 алтын медаль болды. Біз осы бағытта жұмысымызды жалғастыруымыз қажет. Азия мен әлем чемпионаттарының дайындық әдістемелері маңызды рөл атқаруы тиіс.
Бұл ақталу емес. Қазіргі таңда бапкерлерге көмек көрсету мақсатында біз халықаралық университеттердің тәжірибелерін әкелдік. Сондай-ақ Бақыт Сәрсекбаев бауырымызды елге шақырып жатырмыз. Таеквондодан Олимпиада чемпионын дайындаған Есбол Сұлтановты да шақырудамыз”, - деді министр Qazaqstan ұлттық телеарнасының “Жедел желі” бағдарламасында берген сұқбатында.
Айта кетейік, Есбол Сұлтановтың жетекшілігімен Тунис құрамасы Париж Олимпиадасында таеквондодан 1 алтын және 1 қола медаль жеңіп алған. Бақыт Сәрсекбаев 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында бокстан 69 кг салмақ дәрежесінде чемпион атанған. Ол үш рет Азия чемпионатында жеңімпаз атанған (2002, 2005, 2007). Қазіргі уақытта Бақыт Сәрсекбаев Вьетнамда қызмет етуде.
ММА
Бүгін 09:01
Футбол
Бүгін 08:30