София Самоделкина ұпай дауына қатысты пікірлерге жауап берді


10 сәуір күні Өскеменде қысқы Спартакиада аясында еліміздің ең үздік мәнерлеп сырғанаушылары мұз айдынына шықты. Солардың арасында 2026 жылғы Олимпиада ойындарының лицензия иегері Софья Самоделкина да бар. Ол қысқа және негізгі бағдарламаларды сенімді орындап, Қазақстан мәнерлеп сырғанауындағы басты үміт иесі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қысқа бағдарламасы кезінде Самоделкинаның өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Техникалық тұрғыдан таза орындалған элементтер, көркемдігі мен артистизмі мамандарды да, жанкүйерлерді де тәнті етті.
Соңғы кездері кейбір сарапшылар оның бағада әділетсіздікке тап болғанын алға тартқан болатын. Бұл пікірлерге қатысты Софья сабырмен жауап берді:
«Не айту керек екенін білмеймін. Менің ісім – таза сырғанау. Бағалау – төрешілердің шаруасы», – деді ол.
Бұл жыл Самоделкина үшін ерекше есте қаларлық болды. Наурыз айында ол алғаш рет әлем чемпионатына қатысып, 14-орын иеленді. Еркін бағдарламада 18 жастағы спортшы 117.78 ұпай жинап, әлемнің ең мықты мәнерлеп сырғанаушылары арасында 13-ші нәтиже көрсетті.

Футбол
Бүгін 06:03
