locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Олимпиада алтынынан кейін өте қиын»: Михаил Шайдоров мотивация мәселесі бар екенін мойындады

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы 2026 жылғы Олимпиададағы тарихи жеңістен кейін жарыстарға оралу қиындықтары туралы айтып, спортта оны әлі де не ынталандыратынын түсіндірді.
Басқа спорт түрлері
Фото: Gettyimages

Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров 2026 жылы Миланда өткен қысқы Олимпиада ойындарындағы триумфынан кейін әлі де қиындықтарға тап болып жүргенін мойындады. Қазақстандық спортшы алтын медаль жеңіп алудың психологиялық жағдайы мен жаттығу процесіне қалай әсер еткенін айтып берді, деп хабарлайды Sports24.kz Championat.com сайтына сілтеме жасап.

Шайдоровтың айтуынша, мансабындағы басты мақсатына жеткеннен кейін күнделікті жаттығулар мен жарыстарға күш табу айтарлықтай қиындай түскен. Мәнерлеп сырғанаушы спорттағы Олимпиада жетістігі спортшы әдеттегі режимде жұмысын жалғастырса да, оны бейсаналы түрде босаңсытып жіберуі мүмкін екенін атап өтті.

«Олимпиада алтынынан кейін сырғанау өте қиын. Жалпы, жаттығуға шығудың өзі ауыр. Сен бәрін автоматты түрде істеп жүргендей боласың, бірақ Олимпиада медалі бәрібір бейсаналы түрде босаңсытуы мүмкін. Мұзға шығып, қайтадан өнер көрсету де қиын. Бәлкім, мен Олимпиада маусымынан кейін әлі толық қалпыма келмеген шығармын, сондықтан қиын болып тұр», - деп мойындады Шайдоров.

Сонымен қатар қазақстандық спортшы оның мотивациясы ешқашан тек Олимпиада медалін жеңіп алумен шектелмегенін атап өтті. Төртжылдықтың басты додасында жеңіске жеткеннен кейін де ол өзін одан әрі жетілдіре алатын көптеген бағыт бар екенін көріп отыр.

«Мотивация неде? Олимпиадаға дейін де менде мәнерлеп сырғанаушы ретінде даму, сырғанау мәнері мен хореографияға жұмыс істеу, бағдарламаларда ерекше образдар сомдау мотивациясы болды. Алда әлі атқаратын жұмыс өте көп», - деп қосты Олимпиада чемпионы.

Осылайша, Шайдоров техникалық тұрғыдан ғана емес, артистік бағытта да дамуын жалғастырмақ. Мәнерлеп сырғанаушы сырғанау сапасына, хореографияға және өнер көрсетуін әсерлі ете түсетін бірегей образдар жасауға ерекше көңіл бөледі.

Қазақстандық спортшының бұл мәлімдемесі оның Халықаралық коньки тебу одағының (ISU) Гран-при сериясының Шэньчжэньдегі кезеңіндегі өнерінен кейін айтылды. Қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша Шайдоров төрешілерден 94,87 ұпай алып, турнир кестесінде аралық бесінші орынға жайғасты. Көш бастан Жапония өкілі Као Миура көрінді — ол 102,90 ұпай жинады. Екінші орында оның отандасы Сюн Сато 101,97 ұпаймен тұр. Үздік үштікті 99,72 ұпайы бар ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Евгений Семененко түйіндеді.

Қысқа бағдарламадан кейін Шайдоровтың көшбасшыдан қалып қоюы 8,03 ұпайды, ал үшінші орыннан айырмасы 4,85 ұпайды құрайды. Алда қатысушылар еркін бағдарламада өнер көрсетеді, оның қорытындысы жүлдегерлердің түпкілікті ретін анықтайды. Қазақстандық спортшы үшін алдағы прокат өз жағдайын жақсартып, жүлделі орындар үшін күресуге мүмкіндік береді.

Олимпиада ойындарындағы жеңіс Шайдоровтың мансабындағы ең маңызды жетістікке айналды. Алайда енді мәнерлеп сырғанаушы алдында әлемдік спорттағы ең беделді титулды жеңіп алғаннан кейін де жоғары деңгейдегі өнерін сақтап қалу міндеті тұр.

Абылай Сеитов
Журналист
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie