Қазақстандық спортшылар күрес түрлерінен Әлем чемпионатының бірінші күнінде қалай өнер көрсетті
Дүйсенбі күні Албанияның Тирана қаласында күрес түрлерінен жастар арасындағы Әлем чемпионаты басталды. Қазақстандық спортшылар бес салмақ дәрежесінің төртеуінде жүлдеден үмітсіз қалды.
Жарыс бағдарламасын грек-рим күресінің өкілдері ашты. Дүйсенбі күні бес салмақ дәрежесінде белдесулер өтіп, нәтижесінде финалистер мен қола жүлде үшін күресетін спортшылар анықталды.
Қазақстандықтар арасынан медальға үмітін сақтап қалған жалғыз спортшы – Бейбіт Қорғанов (97 кг). Ол 1/8 финалда армениялық Айк Хлоянға есе жіберді. Кейіннен Қорғановтың қарсыласы финалға шыққандықтан, қазақстандық балуанға жұбаныш белдесуіне қатысу мүмкіндігі тиді.
Тағы төрт қазақстандық спортшы дүйсенбі күні жүлдеге таласу мүмкіндігінен айырылды. Досжан Өтепқалиев (60 кг) ширек финалға жетсе, Дінмұхаммед Қошқар (67 кг) мен Мерей Маулитқанов (72 кг) 1/8 финалда жарыс жолынан шығып қалды. Ал Альмир Төлебаев (82 кг) іріктеу кезеңінде жеңіліске ұшырады.
Жастар арасындағы Әлем чемпионатына 23 жасқа дейінгі спортшылар қатысуда. Медальдар үшін күрес 27 қазанға дейін жалғасады.
Бұған дейін Абильхан Аманқұл ұлттық құраманың сапына қайта оралды.