Аға бапкер: "Ризабек 97 келіге орныққан балуан":
Испанияның Понтеведра қаласында күрес түрлерінен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем біріншілігі аяқталды. Соңғы жүлделер жиынтығын еркін күрес шеберлері сарапқа салып, Қазақстан жастар құрамасы екі медаль еншіледі. Алтын медальді Ризабек Айтмұхан қанжығасына байласа, Камиль Куруглиев әлемдік жарыстың қоласын қанағат тұтқан. Осы орайда, еркін күрестен Қазақстан жастар командасының аға бапкері Аслан Байғұлов турнирді қорытындылап өтті.
Испаниядағы әлем біріншілігінде жанкүйерлер Ризабек Айтмұханға ерекше үміт артты. Өйткені, жаңа салмаққа ауысқан спортшының қаншалықты бабында екені кім-кімді де қызықтырған. Ризабек болса, бұл бәсекеде ешкімді де бұйым көрмей, барлық қарсыласын ірі есеппен жеңді.
Атап айтар болсақ, Айтмұхан ирандық балуанды 12:1, грекиялық спортшыны 12:1 есебімен жеңіп, жартылай финалда америкалық қарсыласын 9:1 есебімен ұтты. Ал ақтық сында әзербайжандық Хетаг Карсановқа бір ұпай да ұстатпай, 10:0 есебімен тізе бүктірді.
Команда аға бапкерінің айтуынша, Ризабек бұл жетістігі арқылы 97 келіде әлем үздіктерінің қатарына енуге дайын екендігін көрсеткен.
«Ризабектің қарсыластарын нашар деп айтуға болмайды. Бәрі де мықтылар санатынан. Мәселен, ирандық балуан былтыр 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионы атанған, ересектер арасында рейтингілік турнирлерге қатысып жүр.Америкалық балуанды да осал деуге болмайды. Әзербайжан атынан күрескен Хетаг Карсановтың ұлты – осетин. Осетиялықтар да күресте үлкен деңгейге жеткен. Десе де, Ризабек Айтмұхан бәрінен бір бас жоғары болып, қарсыластарына еш айла қалдырмай жеңді. Бұл бізді шын қуантады. Ризабек 97 келіге орныққан балуан. Ол осы әлем чемпионатына дейін де жаңа салмақта рейтингілік және халықаралық турнирлерге қатысып, Бішкектегі Азия чемпионатынан жүлде алып үлгерді. Бұл әлем чемпионатында Ризабек Айтмұхан өзінің осы салмақтағы көшбасшылардың бірі екенін тағы да дәлелдеді», - дейді Аслан Байғұлов.
Теннис
Бүгін 11:30
Бокс
Бүгін 09:29
Теннис
Бүгін 08:52