Гэрриге қарсы жекпе-жек Рахмонов үшін оңай болмайды. Бірақ, ол өзінің нағыз деңгейін дәлелдеуі тиіс
8 желтоқсан күні таңертең, АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында, UFC 310 турнирінде қазақстандық аралас жекпе-жек өнерінің шебері Шавкат Рахмонов (18-0) пен ирландиялық Гэрри Иэн (15-0) арасында тарихи жекпе-жек өтеді. Бұл қос жеңілмеген алыптың айқасы жанкүйерлер арасында үлкен толқыныс тудырды. Бірі Шавкаттың күш-қуаты мен мықты төзімділігін айтып, Гэрри үшін мұндай деңгейдегі қарсыласпен шығу әлі ерте дейді. Енді бірі қазақтың әлсіз тұстарын атап, оның қиындықтарға тап болатынын болжайды.
Шын мәнінде кездесудің қалай болатынын бүгін талдап көруге тырысамыз.
Бұл жекпе-жек Гэрридің ерлігін көрсеткен шақ болды. Шавкаттың титулдық кездесуі өтпей қалған кезде, ол бұл ұсынысты еш ойланбастан қабылдады. Енді бұл жекпе-жектің жеңімпазы жартылай орта салмақ дәрежесінде чемпиондық белбеуге басты үміткер атанады.
Шавкат Рахмонов қазіргі таңда UFC-дің жартылай орта салмақтағы белбеуіне басты үміткер ретінде мойындалған. Қазіргі чемпион Белал Мұхаммад өзінің шеберлігімен таңдай қақтыруда. Қазақ спортшысы бастапқыда дәл сол чемпионмен айқасуы керек болатын.
Алайда бұл кездесу түрлі себептерге байланысты өтпей қалды. Чемпионның жарақаты немесе басқа себептері оны жекпе-жекке шығуға дайын емес етті. Ал Шавкатқа қарсылас іздеуге тура келген шақта, бірнеше жауынгер бұл ұсыныстан бас тартты. Сол сәтте Гэрри еш кідірместен жекпе-жекке шығуға келісім берді. Осындай батылдығы үшін ирландиялыққа ерекше құрмет көрсетуге болады.
Иэннің 27 жаста және оның жарқын рекордттарын ескеріп, оны әлі де болса перспективалы спортшы деп атауға болады. Себебі ол әлі Рахмонов жеткен биікке жете қойған жоқ. Қазақ спортшысына қарсы жекпе-жек — Иэн үшін бұл жолды жеделдетудің батыл амалы.
2024 жылы Гэрри өзінің мансабында екі маңызды жеңіске қол жеткізді. Ол төрешілердің шешімімен Джефф Нилді жеңіп, кейін UFC-ге жарқырап келген бұрынғы Bellator жұлдызы Майкл Пейджді де айқын басымдықпен жеңді.
ФОТО: Getty Images
Дегенмен, алда оның мансабындағы ең қиын сынақ тұр. Шавкат Рахмонов — октагондағы нағыз “жыртқыш”. Біріншіден, Шавкат керемет күрес шебері. Оның UFC-дегі тейкдаунға қарсы қорғанысының 100% болуы-ақ оның деңгейін көрсетеді. Бірақ бұл тек бастамасы.
Қазақ спортшысы қарсыластарын партерде өте шебер басқарады. Оның клинчтегі жұмысы да ерекше, ол сол арқылы қарсыласын әлсіретеді. Шавкат әр жерде қауіпті — тіпті тік тұрып та күресте жеңіске жету қабілетін көрсетті. Есімізде болса, ол тік тұрып тұншықтыру әдісімен жеңіске жеткен.
Шавкаттың тік тұрып айқасу шеберлігі де назар аудартады. Оның ұзын қолдары қарсыласты өзіне тиімді қашықтықта ұстауға мүмкіндік береді, ал соққылары жылдам әрі дәл. Сонымен қатар, Рахмоновтың ерекше қасиеттерінің бірі — соққыны қабылдап, ауыртпалықты еңсере білуі. Ол кез келген ауыр соққыға төтеп бере алатындай көрінеді.
Шавкаттың бұл қабілетін, мүмкін, Иэн сынап көруге тырысады. Шавкаттың стилі — қарсыласына үздіксіз қысым көрсету арқылы оны физикалық әрі психологиялық тұрғыдан шаршатып, жеңіс тұғырынан тайдыру.
Дегенмен, Гэрри де қарсыласы үшін оңай сынақ болмайды. Оның соққы шеберлігі жоғары деңгейде. Ирландиялық спортшы бастапқыда бокста мансап құруды жоспарлаған. Кейінірек Конор МакГрегордың жетістіктерін көріп, Иэн аралас жекпе-жекке қызығушылық танытып, UFC-ге жол тартты.
Иэн шабуыл жасауда нағыз тактик. Оның қолмен соққы жасау техникасы мен комбинациялары тамаша үйлесімді. Ол уақыт пен қашықтықты сезінудің шебері. Бұл ғана емес, оның аяқпен соққы жасау шеберлігі де жоғары. Төменгі лоу-киктерден бастап, бас деңгейіндегі ауыр соққыларға дейін барлығы нақты әрі қатты орындалады.
Мұның бәрі Шавкат үшін белгілі бір қиындық туғызуы мүмкін. Бір жағынан, Рахмонов секілді қарсыласты төзімділік арқылы жеңу өте қиын. Бірақ екінші жағынан, кім Шавкаттың Иэннің барлық соққыларына төтеп бере алатынына кепілдік бере алады?
Тағы бір маңызды мәселе — Иэннің күресуге қабілеті әлсіз. Ол бұл бағытта үнемі жұмыс істеп, жетілдіріп жүргенін айтқанымен, бұл оның әлсіз тұсы екені анық. Ал күрес — Шавкаттың айқын артықшылығы. Егер тік тұрып айқас барысында жағдай ушығып кетсе, қазақ спортшысы күреске жүгінеді. Иэн мұндай қысымға төтеп бере алады деп айту қиын.
ФОТО: UFC.com
Кім фаворит?
Бұл жекпе-жекте фаворит — Шавкат Рахмонов. Букмекерлер оның жеңісіне орташа есеппен 1.27 коэффициентімен сенім артып отыр, ал қарсыласы Иэн Гэрридің мүмкіндіктері 4.00 шамасында бағалануда.
Бұл таңқаларлық емес. Егер жекпе-жекті сараптайтын болсақ, басымдықтардың көпшілігі қазақ спортшысының жағында екені анық көрінеді. Шавкаттың төзімділігі ерекше, ол соққыны көтере біледі, тік тұрып айқасу шеберлігі де жоғары деңгейде, ал күрестегі қабілеті туралы айтудың өзі артық. Шавкат — чемпиондық деңгейдің спортшысы. Ол бүгінгі күні Белал Мұхаммадты жеңіп, жартылай орта салмақтағы белбеудің иесі болуы тиіс еді.
Дегенмен, жеңілмейтін спортшы жоқ, және Шавкаттың да әлсіз тұстары бар. Иэн Гэрридің соққы техникасы өте шебер, дәлдігі жоғары, және оның аяқпен соққы жасау шеберлігі де назар аудартады. Ал Шавкат кейде шоу элементтерін қосып, қорғанысын төмендетіп, соққыларды өткізіп алуға бейім. Бұл жекпе-жек барысында оның пайдасына әсер етпеуі мүмкін деген қауіп бар.
Алайда, барлық “мүмкін” және “егер”дегендерді алып тастасақ, Шавкат Рахмонов бұл кездесудің сөзсіз фавориті болып қала береді. Және бұл тек осы жекпе-жекке ғана қатысты емес. Ол — өзінің салмақ дәрежесіндегі үздік спортшылардың бірі. Шавкат осы жекпе-жекте өз деңгейін қайтадан көрсетіп, өзінің чемпиондық деңгейдегі спортшы екенін дәлелдеуі тиіс.
ФОТО: Getty Images
Басқа спорт түрлері
Бүгін 14:23
Хоккей
Бүгін 14:10