Адлан Ибрагимов ACA 182 Гран-приінің жеңімпазы және чемпионы атанды
15-16 желтоқсанға қараған түні Мәскеуде (Ресей) ACA 182 турнирі өтті. Оның басты оқиғасы жартылай ауыр салмақтағы лига Гран-приінің финалдық жекпе-жегі болды. Бұл кездесуде Фаридун Одилов пен Адлан Ибрагимов күш сынасты.
Төртінші раундта Ибрагимов тұншықтыру әдісін қолданып жеңіске жетті. Осылайша, ол Гран-при жеңімпазы атанып, жартылай ауыр салмақтағы чемпиондық белбеуді иеленді.
Адлан бұған дейінгі жекпе-жегін биыл наурыз айында ACA 172 турнирінде Леонардо Сильваға қарсы өткізген болатын. Толық қашықтыққа созылған бұл кездесуде ол төрешілердің бөлек шешімімен жеңіске жетті. Қазіргі таңда оның еншісінде 9 жеңіс пен 2 жеңіліс бар.
Фаридун Одилов Гран-при финалына дейінгі соңғы жекпе-жегін 2023 жылдың желтоқсанында ACA 168 турнирінде Михаил Мохнаткинге қарсы өткізді. Бұл кездесу үшінші раундта техникалық нокаутпен аяқталып, Одиловтың пайдасына шешілді. Оның қоржынында 18 жеңіс, 3 жеңіліс және 2 тең есеп бар.