Қазақстандық бапкер Крамаренко Түркия жастар хоккей құрамасының бас бапкері атанды
Қазақстандық маман Дмитрий Крамаренко Түркияның жастар хоккей құрамасының бас бапкері болып тағайындалды, деп хабарлайды “Головой об лед” Telegram-арнасы.
““Барыстың” экс-тафгайы, сондай-ақ “Сарыарқа” мен “Теміртау” командаларының бұрынғы бапкері Дмитрий Крамаренко Түркияның жастар хоккей құрамасының бас бапкері болды… Иә, мұндай команда бар! Енді ол жерде қарағандылықтар басшылық етеді”, – делінді телеграм-арнадағы жазбада.
Жаттықтырушы қарағандылық хоккей мектебінің түлегі болып табылады. Ол “Қазақмыс”, “Ертіс”, “Барыс”, “Сарыарқа” сияқты командаларда өнер көрсетті. 2018 жылдан бастап БХЛ-да жұмыс істеп, “Молот-Прикамье”, “Ермак”, “Рязань”, “Тамбов”, АКМ және “Буран” командаларын басқарды.
Сонымен қатар, жаттықтырушы Қазақстанның “Арыстан”, “Құлагер”, “Теміртау” клубтарында қызмет атқарды. Ол 2017-2018 жылдар маусымында “Сарыарқаның” бас бапкері болған.