locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Қазақстан құрамасының ойыншысы Президент кубогын қорытындылады

Қазақстан құрамасының ойыншысы Президент кубогын қорытындылады

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Алихан Асетов Президент кубогы жөнінде және құраманың ойыны туралы өз ойымен бөлісті. 18 тамыз күні өткен финалда Қазақстан құрамасы "Лададан" жеңілген болатын – 2:1.

"Алғашқы ойын сәтсіз болды. Бұл біздің оқу-жаттығу жиынындағы алғашқы ойын болды, біз турнирге 2 күн қалғанда жиналып, аз ғана тактикалық жұмыстар жүргіздік. Қиын болатынын түсіндік. Бірақ осы ойындар арқылы біз өзімізге сенімдірек бола бастадық. Турнир біз үшін оңтайлы болды десек болады. Толық құрам жиналмады, бірақ басты ойыншылар осында. Әрине, кубокты Астанада алып қалғымыз келді.

Финалда біз бұрынғы кеткен есемізді қайтарғымыз келді. Бірақ бұл финал. Олар бізге адам көп кезде 2 гол соғып кетті. Енді біз іріктеу турниріне барамыз. Ол жақта бұндай қателіктер жіберуге болмайды. Біз бәріміз Олимпиадаға барғымыз келеді, басты мақсат осы.

Президент кубогы – қысқа турнир, біз көп күш пен эмоция жұмсадық. Матчтан кейін не болғанын айту оңай емес. Ертең не болғанын видеодан қарап, талқылаймыз. Және жаттығу кезінде қателіктермен жұмыс жасаймыз", - деді Асетов

Сонымен қатар, Алихан алда болатын іріктеу турниріндегі қарсыластарына сараптама жасады. Команда Олимпиада-2026 іріктеу кезеңінен бастайды.

"Біз олармен ойнадық. Словакияда жылдам, алып және шебер ойыншылар. Қателеспесем, 10-12 адамы НХЛ-дан келеді. Деңгейлері өте жоғары. Бірақ біз ол жаққа не үшін бара жатқанымызды білеміз. Біз өзімізбен жұмыс жасап, және әр матчқа мықты команда болып шығып, елімізге Олимпиада жолдамасын сыйлау үшін барымызды саламыз", - деді хоккейші.

Іріктеу кезеңі 2024 жылы тамыз айының соңында басталады. Қазақстан құрамасы алғашқы матчын 28 тамыз күні Венгрияға қарсы өткізеді. Матч Астана уақытымен 17:00-де басталады.