Қазақстан құрамасының хоккейшілері жүк мәселесіне байланысты Барыстың алдағы матчына қатыса алмайды


“Барыс” хоккей клубының баспасөз қызметі Қазақстан құрамасының мүшелері келесі ойында командаға көмектесе алмайтынын мәлімдеді. Бұған Харбиннен ойыншылардың жүктері кешіктірілуі себеп болды.
Азия ойындарында жеңіске жеткен “Барыс” хоккейшілері келесі матчқа қатыса алмайды. Клубтың ресми мәлімдемесіне сәйкес, барлық ойыншылар командаға қосылғанымен, “Металлургке” қарсы кездесуге барлығы бірдей қатыса алмайды.
“Өткен ойында жарақат алған Никита Бояркин қосымша медициналық тексерістен өтіп жатыр және бүгінгі матчты жіберіп алады. Қазақстан құрамасының ойыншылары клубқа оралды, алайда жүктердің кешігуіне байланысты “Металлургке” қарсы ойынға тек Андрей Шутов, Әділ Бекетаев, Кирилл Савицкий және Әлихан Өмірбеков қосылады”, – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Айта кетейік, Азия ойындарында Қазақстан құрамасы сапында “Барыс” ойыншылары да өнер көрсетті. Құрамда:
• Қақпашы: Андрей Шутов
• Қорғаушылар: Тамирлан Гайтамиров, Данил Бутенко, Әділ Бекетаев, Самат Данияр, Артем Королев
• Шабуылшылар: Роман Старченко, Кирилл Савицкий, Әлихан Өмірбеков, Кирилл Панюков, Руслан Оспанов болды.
Қысқы Азия ойындары 14 ақпанда аяқталды. Соңғы күні Қазақстанның ерлер хоккей құрамасы Жапонияны 5:0 есебімен ойсырата жеңіп, ел қоржынына төртінші алтынды салды.
Ал “Барысқа” келсек, елордалық команда Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігінен мерзімінен бұрын айырылды. Қазіргі таңда клуб турнирлік кестенің соңғы сатысында тұр. Бүгін “Барыс” Гагарин Кубогының қазіргі иегері – Магнитогорскінің “Металлург” командасына қарсы ойын өткізеді.

Футбол
Бүгін 17:53

Футбол
Бүгін 15:46

Футбол
Бүгін 14:46