Қазақстан президенті «Барыстың» жас хоккейшілерінің ата-аналарының үндеуіне жауап берді


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Барыс» хоккей клубының жасөспірімдер мектебінде тәрбиеленіп жатқан спортшылардың ата-аналарының ашық хатына жауап ретінде бірқатар нақты шара қабылдады. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді.
Оның айтуынша, президент тапсырмасымен «Барыс» клубының жасөспірімдер командалары 2025/2026 жылғы маусымда Ресей біріншілігіне қатысады. Сонымен қатар клубтың қаржылық міндеттемелері шешімін тапты, ал жіберілген олқылықтарға байланысты жауапты тұлғаларға тәртіптік шаралар қолданылды.
Ата-аналар өз хатында клубтың халықаралық жарыстардан, соның ішінде Ресей чемпионатынан бас тартуы мүмкін деген ақпаратқа алаңдаушылық білдірген. Олар мұндай турнирлер жас спортшылардың дамуында маңызды рөл атқаратынын, жоғары деңгейдегі қарсыластармен ойнау арқылы тәжірибе жинайтынын атап өтті.
Ашық хатта ата-аналар мынадай ұсыныстар айтты:
• мектептің қаржыландыру және басқару жүйесіне аудит жүргізу;
• тұрақты жарыстарға қатысуға кедергі келтіретін мәселелерді шешу;
• жас хоккейшілерге ел ішінде ғана емес, шетелдік аренада да қолдау көрсету;
• отандық хоккей жүйесінде маңызды орын алатын клубтың стратегиялық дамуына бақылауды күшейту.
Осы жағдайға байланысты бұған дейін «Барыс» хоккей клубының бас директоры Нұрлан Оразбаев өз еркімен қызметінен кеткен болатын.

Футбол
Бүгін 06:03
