Чемпиондар лигасының шешуші кезеңіндегі Қайраттың қарсыластары анықталды
1 желтоқсанға қараған түні футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының 2024/25 маусымындағы Элиталық кезеңі аяқталып, “Төрттік финалға” жолдама алған командалар анықталды. Қазақстан атынан шешуші кезеңге өткен “Қайраттан” бөлек, Португалияның “Спортинг” клубы және Испанияның екі өкілі – “Пальма” мен “Картахена” да үздік төрттікке енді.
Элиталық кезеңде Еуропаның 16 үздік командасы төрт топқа бөлініп, әр топтан тек жеңімпаздары ғана “Төрттік финалға” жолдама алуға мүмкіндік алды. Қазақстанды бұл кезеңде екі ұжым – ел чемпионы “Семей” мен күміс жүлдегер “Қайрат” таныстырды.
“Семей” топтық кезеңде екі мәрте жеңіске жеткенімен, жалпы есепте екінші орынға тұрақтап, испандық “Пальмаға” жол берді. Ал “Қайрат” өз тобында тамаша ойын үлгісін көрсетіп, үш матчтың үшеуінде де жеңіске жетті. Алматы командасы барлық қатысушылардың ішінде бірінші болып “Төрттік финалға” жолдаманы қамтамасыз етті. Элиталық кезеңнің соңғы матчында алматылықтар Загребтің “Динамосын” 5:1 есебімен ойсырата жеңіп, өз шеберлігін тағы бір дәлелдеді.
“Төрттік финал” 2025 жылдың 1-4 мамыр аралығында қатысушы командалардың бірінің алаңында өтеді. Алматы да бұл мәртебелі турнирді қабылдауға үміткерлердің қатарында. “Қайраттың” басшылығы УЕФА-ға өтініш тапсырып үлгерген. Кейбір деректерге сүйенсек, шешуші матчтарды Қазақстанда өткізу ықтималдығы өте жоғары.
Баскетбол
Бүгін 02:16
Хоккей
Бүгін 01:50