Макс Ферстаппен жарыстар кестесіне разы емес және оны қайта қарау жайлы ұсыныс тастады
“Ред Булл” шабандозы Макс Ферстаппен Формула-1 күнтізбесіне өзгерістер енгізу қажеттілігін айтты.
“Мен әрқашан маусымдағы жарыстардың саны тым көп екенін айтатынмын. Бірақ мені одан да көп мазалайтыны - уақыт белдеулерінің жиі ауысуы. Вегастан Катарға ұшқанда, жарты әлемді кесіп өтесіз, және мұны жақсырақ жоспарлауға болар еді.
Егер үш жарысты қатарынан өткізсеңіз, оларды жақын аймақтарда ұйымдастыру ақылға қонымды болар еді. Бұл жағдайды айтарлықтай жеңілдетер еді. Бұған назар аударуымыз қажет. Егер осыншама жарыс өткізгіңіз келсе, олардың орналасуын бір-біріне жақын етіп жасаңыз.
Билеттердің сатылуы маңызды екенін түсінемін. Бірақ ақырындап алтын орта табу керек, себебі маусым соңында шаршаған кезде, ауруға шалдығу оңай болады. Ұзақ ұшулар оған көмектеспейді”, - деп Ферстаппеннің сөздерін RacingNews365 келтіреді.
Нидерландтық шабандоз жалпы есепте 331 ұпаймен көш бастап тұр. Екінші орында 279 ұпаймен “Макларен” командасынан Ландо Норрис, ал үшінші орында “Феррариден” Шарль Леклер 245 ұпаймен орналасқан.
Келесі Гран-при кезеңі Остинде (АҚШ) 18 қазанда басталады.