Жоғары прессинг пен тәуекел: Компани жаттықтыратын Бавария қалай ойнайды
Венсан Компани басшылығындағы “Бавария” биылғы маусымда Бундеслигада әлі жеңіліс дәмін татпады және турнир кестесінің көшін бастап келеді. Мюнхендіктер қарсыластар қақпасына 24 гол соғып, лигадағы ең нәтижелі командаға айналды. “Рекордмайстер” 2024/25 жылғы маусымды бес жеңіс пен екі тең нәтижемен бастады — өткен маусымдағы алғашқы көрсеткіштерге жақын. Алайда, биылғы маусым мен алдыңғы кампания арасында екі негізгі айырмашылық бар: бұл жолы “Бавария” жеті турдан кейін бірінші орынды иеленіп отыр, әрі команда жаңа, өзгеше ойын стилін қалыптастырған.
Компани баптайтын “Баварияның” ойын мәнері Пеп Гвардиола кезеңін еске салады. Бельгиялық маманның тактикасы допқа иелік етуді барынша сақтауға бағытталған, ал бұл үдеріс тікелей қорғаныстан басталады. Қақпашы Мануэль Нойер шабуылдың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналып, алаңдағы қосымша ойыншы рөлін атқарады. Ортаңғы шепте сандық басымдықты арттыру үшін, оң қапталдағы қорғаушы көбіне орталыққа қарай ығысады. Бұл міндетті жиі орындаушы – Рафаэл Геррейру, ол жартылай қорғаушының рөлінде ойнайды. Қарсы қапталда Альфонсо Дэвис өз позициясын сақтай отырып, қарсыластарына алаңда көп орын ауыстырмай-ақ қиындық тудырады.
Қосымша жартылай қорғаушының болуы мюнхендіктерге пас беру мүмкіндіктерін кеңейтіп, допқа иелік етуді ұзағырақ сақтауға және ойынға толықтай бақылау орнатуға жағдай жасайды. Осы маусымда “Бавария” ойындарда орта есеппен 64%-ында допқа иелік етеді — бұл Бундеслигада ең жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар, олардың 90,7%-дық дәл пас беру көрсеткіші де Германия чемпионатындағы үздік нәтиже. Егер команда допты жоғалтса, ойыншылар оны мүмкіндігінше жылдам қайтару үшін агрессивті қарсы прессинг қолданады. Сол сияқты, егер қарсылас шабуылға қорғаныстан шығуға тырысса, мюнхендіктер оларға қарқынды қысым жасайды.
Тұрақты қысым қарсыласты қателесуге, пас кезінде сәтсіздікке ұшырап, допты жоғалтуға мәжбүрлейді, бұл өз кезегінде “Баварияға” шабуылда қосымша мүмкіндіктер туғызады. Мюнхендіктер допты қарсылас қақпасына жақын жерде тартып алса, қашықтық азайып, соққы жасауға қолайлы сәттер көбейе түседі. Бұл туралы сандар да айғақтайды: Компани шәкірттері Бундеслиганың 7 турында 135 соққы жасаған, ал бұл көрсеткіш тек қазіргі чемпион “Байерден” ғана жоғары (144). “Бавария” күтілетін голдар саны бойынша тек үшінші орында тұр, бірақ соғылған 24 гол мюнхендіктердің шабуылда аналитиктердің күткенінен әлдеқайда тиімді ойнап жатқанын дәлелдейді.
Команданың керемет формасына қарамастан, “Бавария” жанкүйерлері маусымның басталуына толықтай қанағаттанбады, дегенмен жаңа ойын стилі клубтың басшылығы тарапынан жоғары бағаланды. “Біз доппен тезірек әрекет етеміз, жоғарыдан прессинг жасаймыз. Оны бақылау қызықты”, — деп атап өтті клуб президенті Герберт Хайнер. Алайда соңғы апталарда талқыланып жүрген басты тақырып мюнхендіктердің қатарынан үш матчта жеңіске жете алмауы болды. “Байермен” тең түскеннен кейін (1:1), Чемпиондар Лигасында “Астон Вилладан” жеңіліп қалды (0:1) және “Айнтрахтпен” тағы да тең түсті (3:3).
Тек осы сәтсіз сериядан кейін “рекордмайстер” өзіне сенімді жеңіске қол жеткізді — “Штутгартты” 4:0 есебімен ойсырата жеңді. “Баварияның” ойын стилі шынымен де тартымды, алайда жартылай қорғаныстың шамадан тыс жүктелуі фулбэктер орталыққа ойысқанда қапталдарда бос кеңістіктер қалдырады. Бұл ашық аймақтар мен жоғары қорғаныс сызығы мюнхендіктерге қиындық туғызады. Қорғаушылардың арқасында кеңістіктер босап, екі орталық қорғаушы — Дайо Упамекано мен Ким Мин Джэ — өздерінің жылдамдығына қарамастан, мұндай сәттерді әрдайым дер кезінде жауып үлгере алмайды. Ал Нойердің айып алаңынан алысқа шығып ойнауы да әрдайым сәтті бола бермейді.
Қарсыластың алаңында доптан айырылғаннан кейінгі контрпрессинг барысында “Баварияның” ойыншылары кейде бірден бірнеше ойыншымен әрекет етеді. Жартылай қорғаушылар тым жоғары көтеріліп кетеді, нәтижесінде орталықта бос кеңістік қалады. Мюнхендіктер допты жақсы басқаратын және прессингке қарсы тұра алатын ойыншылармен кездескенде олардың ойыны әлсірей түседі, ал қорғаушылары азшылықта қалады. Жылдам әрі шабуылды сәтті аяқтай алатын ойыншылар мұндай жағдайды өз пайдасына жарата алады, сондықтан “рекордмайстерге” қарымта шабуылдарға тойтарыс беру қиынға соғады.
“Бавария” Бундеслиганың алғашқы жеті турында 7 гол жіберіп алды, бұл орта есеппен әр матчта бір голдан келеді. Соңғы 16 жылда мюнхендіктер тек бір маусымда ғана (2020/21) әр ойында бір голдан артық жіберген — ол кезде 9 гол өткізіп алған болатын. Дегенмен, “рекордмайстер” өз қақпасына бағытталған соққыларды тым көп жібермейді — бар болғаны 32 соққы, бұл лигадағы ең төмен көрсеткіш, ал басқа командалар кемінде 60 соққыға жол берген. Статистикаға сәйкес, “Бавария” қақпаға келетін әрбір төртінші немесе бесінші соққыдан гол жіберіп алады. Ал Мануэль Нойер осы маусымда соққылардың жартысынан көбін қайтарған жоқ, оның көрсеткіші 46%-ды құрайды.
Бірқатар командалардың бапкерлері “Баварияның” жоғары қорғаныс сызығын және Нойердің алаң ойыншысы болуға деген ұмтылысын тиімді пайдаланып жүргендерін ашық айтады. Егер нәтиже бола берсе, Компани ойын стилін өзгертуге міндетті емес, бірақ ол қорғаныстағы осал тұстарды азайту үшін құрамды қайта қарастыра алады. Йозуа Киммих пен Александар Павлович бір-бірімен жақсы үйлеседі, бірақ олардың ешқайсысы допты тартып алушы рөлін атқармайды. Екеуі де шабуылға көбірек бейімделген ойыншылар. Алайда, бұл теңгерімге өзгеріс әкеле алатын бір ойыншы бар — Жоау Пальинья.
Компаниға дейінгі бапкер Томас Тухель португалдық футболшыны қатты алғысы келіп, “Баварияға” қарсыластардың шабуылдарын сәтті тоқтата алатын тірек жартылай қорғаушы керек екенін бірнеше рет атап өткен. Пальиньяны алаңға тиімді орналастыру үшін, Киммих оң қапталдағы қорғаушы рөліне өтіп, кейде жартылай қорғауға ойыса алар еді, ал Геррейру өзіне үйреншікті сол қапталдағы позициясына қайта оралар еді. Сонымен қатар, Киммих, Павлович және Пальинья 4-3-3 жүйесінде бірге ойнай алады. Бірақ бұл жағдайда бір қаптал шабуылшысының ойын уақытын қысқартуға тура келуі мүмкін. Қалай болғанда да, Компаниға ойланатын мәселелер жеткілікті. “Бавария” өзіне тән шабуылдаушы стильге қайта оралып жатыр, бірақ жүлделер жеңіп алу үшін сенімді қорғаныс қажет.
Сергей Завалко, Bundesliga мәліметтері негізінде
Футбол
Бүгін 07:38
Басқа спорт түрлері
Бүгін 05:25
Басқа спорт түрлері
Бүгін 02:49