Жалынан айырылды: Холанд АПЛ маусымы қарсаңында шаш үлгісін өзгертті
«Манчестер Сити» мен Норвегия құрамасының шабуылшысы Эрлинг Холанд Англия чемпионатының жаңа маусымы алдында ұзын шашын қысқартты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Жаңа имиджін әйгілі норвегиялық футболшы өз Instagram парақшасында жариялады.
Холандтың бұл жазбалары жүздеген пікір жинады. Көпшілігі шаштараздың жұмысын оң бағалады. Өз пікірін "Манчестер Сити" клубының ресми аккаунты да қалдырды.

«Ақыры жалынан құтылды»;
«Керемет имидж өзгерісі»;
«Шаш үлгісі топ»;
«Стильді, ең бастысы – ыңғайлы», - деп жазды пікір қалдырушылар.
23 тамыз, жексенбі күні, "қалалықтар" АПЛ-дың 1-турында "Борнмутпен" кездеседі. Ойын Манчестердегі "Этихад" стадионында өтеді. Бас төреші қызметін Джарред Джиллетт атқарады. Ойынның басталу ысқырығы Қазақстан уақытымен 18:00-де беріледі.
Өткен маусымда Холанд барлық турнирлерде 52 ойын өткізіп, 38 гол және тоғыз нәтижелі паспен көзге түсті. Футболшының клубпен қолданыстағы келісімшарты 2034 жылдың жазына дейін жарамды. Transfermarkt порталының мәліметіне сәйкес, ойыншының нарықтық құны 220 миллион еуроны құрайды.