Юсуп Шадиев Қазақстан Кубогының басты үміткерлерін атады


Қазақстан футболының ардагері Юсуп Шадиев қазіргі маусымдағы Қазақстан Кубогының басты фавориттері туралы пікірін бөлісті.
Оның айтуынша, бұл кезеңде титулға басты үміткер ретінде екі команданы атауға болады.
- «Қазіргі уақытта менің ойымша, ең тұрақты әрі сенімді ойынын көрсетіп жүрген ұжымдар - «Қайрат» пен «Астана». Бұл клубтар өткен маусымның соңында жақсы қарқын алып, сол серпінді осы маусымда да жалғастырып келеді. Әзірге тек 1/8 финал кезеңі артта қалды, алда турнир барысында көп нәрсе өзгеруі мүмкін. Кейбір командалар өз күшін чемпионатқа бағыттап, Кубоктан бас тартуы да ғажап емес. Дегенмен дәл қазір «Қайрат» пен «Астана» ең басты фавориттер деп санаймын», - деді Шадиев Sports.kz порталына берген сұхбатында.
Айта кетейік, Қазақстан Кубогының ширек финалына келесі сегіз команда жолдама алды: «Елімай», «Қызылжар», «Қайрат», «Тұран», «Астана», «Ордабасы», «Жеңіс» және «Тобыл».
Бұл кезеңнің ойындары 14 мамырда өтеді. Жартылай финал кездесулері 25 маусым мен 30–31 тамыз күндеріне жоспарланған. Ал Кубок иегері 1 қарашада өтетін финалда анықталады.