Видео. «Реал» Ла Лига матчында соңғы минуттарда жеңісті жұлып алды
«Реал» Испания чемпионатының алтыншы турында «Эльчеге» қарсы матчта жеңіске жетті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Мадридтік клуб алғашқы минуттардан-ақ бастаманы өз қолына алып, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Дегенмен «Эльче» де қорғаныста ғана отырмады. 27-минутта Арда Гюлер айып добын орындады. Оның соққысынан кейін доп бағанаға тиіп, қақпашы Матиас Дитуродан кері серпіліп, қақпаға кірді — 0:1.
Арада жеті минут өткенде «Реал» есеп айырмасын ұлғайтты. Диоманде қапталдан пас шығарса, Килиан Мбаппе допқа бірінші жетіп, Дитуроны қапы қалдырды — 0:2.
Бірінші тайм аяқталғанға дейін Мбаппе «Эльче» қақпасын тағы да дәл көздеді. Алайда гол офсайдқа байланысты есепке алынбады.
Екінші таймда «Эльче» белсендірек ойнап, Тибо Куртуа қорғаған қақпа маңында қауіпті сәттерді жиі ұйымдастыра бастады.
73-минутта Осорио Сепеданың берген добын баспен қақпаға бағыттап, есеп айырмасын қысқартты — 1:2.
«Реал» есепті қайта ұлғайтуға мүмкіндік алды. Алайда Винисиус пен Диоманде өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады.
83-минутта алаң иелері есепті теңестірді. Фернандо Ниньо Хосан Фернандестің пасынан кейін допты қақпаның алыс бұрышына бағыттады — 2:2.
Эспи Моуринью мен «Реалды» тағы да құтқарды
«Реалға» жеңіс әкелген гол қосымша уақытта соғылды. Мбаппе шабуылды ұйымдастырып, алаңға ауыстыру арқылы шыққан Карлос Эспиге пас берді. Эспи дәл соққысымен мадридтік клубқа 3:2 есебімен жеңіс сыйлады.
Жозе Моуринью шәкірттері 15 ұпай жинап, турнир кестесінде екінші орында келеді. Бірінші орында бір ойыны кем «Барселона» (15 ұпай) тұр. «Эльче» екі ұпаймен соңғы, 20-орында қалды.
Мбаппе Ла Лиганың осы маусымындағы жетінші голын соғып, бомбардирлер жарысында жеке дара көш бастады.