locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский
locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский
Қонақ
Қонақ Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз немесе тіркеліңіз
Мәзір

Тухельдің күйреуі, Компани таңданысы және Кейннің кешіккен қуанышы: «Бавария» тағы да Германияның ханына айналды

Футбол 13 мам 2025 17:45
Серик Амирбек
Серик Амирбек
Редактор
Тухельдің күйреуі, Компани таңданысы және Кейннің кешіккен қуанышы: «Бавария» тағы да Германияның ханына айналды
ФОТО: Sports24.kz

Өткен маусым Бундеслига тарихында алтын әріппен жазылды. Бір жағынан, бұл - «Байердің» тарихи жеңісі: леверкузендік ұжым «Баварияның» 11 жылға созылған үстемдігін тоқтатып, алғаш рет Германия чемпионы атанды. Хаби Алонсо шәкірттері бір маусым бойы бірде-бір рет жеңілмей, Германия Кубогын да жеңіп алды. Олар треблге бір қадам қалғанда, Еуропа лигасының финалында «Аталантаға» есе жіберіп, алтын үштіктен тыс қалды. Бірақ бұл маусымның өзі-ақ «Байерді» Еуропаның ең қауіпті командаларының қатарына шығарды.

Ал дәл осы маусым Мюнхенде мүлде басқа сценариймен өрбіді. «Бавария» ішкі кикілжің мен тұрақсыздық құрсауында қалды. Бас бапкер Томас Тухель ойыншыларды ашық түрде сынап, беделін жоғалта бастады, ал оған жауап ретінде клубтың құрметті президенті Ули Хенесс та сын айтты. Команда ішінде бірлік жоғалды: Тухель футболшылармен байланыс орнатудан бас тартып, барлық сұрақтарды көмекшілер арқылы шешуге тырысты. Нәтижесінде, «Бавария» маусым ішінде Бундеслигада сегіз рет жеңіліп, үшінші орынмен ғана шектелді. Бұл - Мюнхен клубы үшін бұрын-соңды болмаған масқара жағдай.

Клуб басшылығы дереу өзгеріс қажет екенін түсінді. Алайда жаңа бапкерді табу оңай болмады. Танымал мамандар ұсыныстан бас тартып, олардың орнын қарапайым әрі тәжірибесі аз бапкерлер алмастыра бастады.

Солардың ішінен таңдау Венсан Компаниға түсті. Бұрынғы қорғаушы, жақында ғана Англияның Премьер-лигасынан «Бернлимен» бірге ұшып кеткен бапкер. Алғашында бұл шешім күлкілі көрінді: Еуропаның ең алып клубтарының бірі жаңадан ғана бапкерлікке қадам басқан, атағы мен жетістігі мардымсыз маманды шақыра ма? Компани Чемпионшипті ұтқанымен, бұл «Бавария» деңгейіне сай нәтиже емес еді. Көпшілік оны үмітсіздіктің жемісі деп бағалады.

Алайда уақыт - әділ төреші. Компани өзінің көзқарасы, жұмысы және мінезімен күмәннің бәрін сейілтіп, «Баварияны» чемпиондыққа қайта жеткізді. Оның үстіне, бұл жолы титул мерзімінен бұрын келді.

Компани Мюнхенге нақты екі мақсатпен шақырылды: шабуылдаушы футбол мен сауатты коммуникация. «Бавария» әрдайым допқа иелік етіп, қарсыласын жаншып, ойынды толық бақылауға алғысы келеді. Бірақ Тухель кезінде бұл стиль жоғалды - команда сылбыр, баяу әрі таптаурын ойнады. Ал ішкі байланыс мүлде болмады: бапкер футболшылармен сөйлеспейтін, командалық рух күйреп, сенім жоғалған.

ФОТО: Getty Images

Компани келген сәттен бастап клуб ішіндегі ахуал біртіндеп өзгере бастады. Өзі де капитан болған ойыншы ретінде ол киім ауыстыратын бөлмедегі атмосфераны қалпына келтіруді жақсы білді. Маусым барысында бірнеше ойыншы оны шабыттандырушы әрі жақсы коммуникатор ретінде атап өтті. Алғашқыда команда көшбасшыларының өзі болашағына сенімсіздікпен қарады. Алайда уақыт өте келе Мануэль Нойер, Йозуа Киммих пен Альфонсо Дэвис жаңа келісімшарттарға қол қойды. Киммихке «Барселона», Дэвиске - «Реал» қызығушылық танытты, бірақ екеуі де Компани жобасында қалуды жөн санады. Бұл - оның беделінің нақты айғағы.

Уақыт өте келе Компани тек жақсы сөйлей алатын бапкер емес екенін дәлелдеді. Ол командаға шабуылдаушы стильді қайтарып, Тухель кезінде жоғалған үстем мінезді оятты. Маусымда алғашқы жеңіліс тек желтоқсанда тіркелді. Оған дейін 13 матч өткізіп, тоғыз кездесуде кемі үш голдан соқты. Чемпиондар лигасындағы алғашқы ойында загребтік «Динамоны» тоғыз голмен тас-талқан етті. Иә, «Бавария» әлі баяғы «машина» қалпына толық келген жоқ, бірақ Венсан Компани сол бағытта сенімді жүріп келеді.

Маусым соңында сандар да бұл сөзді қуаттайды. «Бавария» 95 гол соғып, лигада ең нәтижелі команда атанды. Қарсылас қақпасына 618 рет соққы бағыттады - бұл да рекорд. Допқа иелік ету бойынша орташа көрсеткіш - 63%. Пас дәлдігі - 90,6%. Бұл тек Германияда емес, Еуропада да үздік деңгей. Сонымен қатар, қорғаныс та мықты - маусым бойы небәрі 32 гол жіберді.

Шабуыл шебінде Харри Кейн мен Майкл Олисенің рөлі орасан. Ағылшын сұрмергені 25 голмен лиганың үздік бомбардирі атанса, француз ойыншысы 14 нәтижелі паспен үздік ассистент болды. Компани оларды бір-бірін толықтыратын жүйеге сәтті енгізді. Кейн тереңнен ойнап, өзінің техникасы мен интеллектісін паш етті.

ФОТО: Getty Images

Харри Кейн бұл чемпиондыққа бәрінен де көп лайық болды. Ол «Баварияға» трофей жеңу үшін келгенімен, алғашқы маусымда сәтсіздіктерге тап болды: Суперкубокта, Германия Кубогында, Бундеслигада жеңілді, Чемпиондар лигасында жартылай финалда тоқтады. Ол бірнеше мәрте финалда ойнады, жеке марапаттар иеленді, бірақ ешбір командалық жүлде ұтпаған еді. 31 жасында алғаш чемпиондық атақты еншіледі. Бұл - мүмкін, оның жаңа жолының бастауы.

Компани жаттықтырған бұл «Бавария» - әлі мінсіз емес, бірақ болашағы жарқын. Олар тіпті биыл Италия чемпионы әрі Чемпиондар лигасының финалисі «Интермен» тең дәрежеде ойнады. Егер Компани тактикалық жағынан дами түссе (ал оның алғышарттары бар), Мюнхен клубының келешегі үмітке толы болмақ.

Дегенмен бұл болашақта бір үлкен фигура жетіспейді - Томас Мюллер. Клубтың жанды аңызы осы маусымнан соң «Бавариямен» қоштасқалы отыр. Ол - бір ғана команданың намысын қорғап, оны өз есімімен байланыстырған тұлға. 25 жыл бойы «Альянц Аренада» өнер көрсетіп, Германия құрамасына да зор үлес қосты - ұлттық құрамада 131 матч өткізді.

Томас Мюллер - «Бавария» тарихындағы ең көп чемпиондық жеңістерге жеткен (13 рет), Бундеслигада ең көп ойын өткізген (502 матч) және клубтағы барлық турнирлердегі рекордсмен (750 матч). Осы уақыт ішінде 34 трофей иеленді. Иә, Компани тұсында оның алаңдағы рөлі азайды. Бірақ жанкүйерлер мен клуб үшін ол - мәңгілік құндылық. Енді «Бавария» жаңа дәуірге аяқ баспақ. Бірақ қандай бапкер келсе де, қандай жұлдыз жарқыраса да, Мюллер секілді тұлғалар клубтың іргетасын қалаған аңыз ретінде жүректерде қала береді.

Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie