Тартысқа толы тең ойын және екі қызыл қағаз: «Екібастұз» бен «Ақтөбе Ж» Бірінші лигада ұпай бөлісті


Қазақстан Бірінші лигасының 3-турында «Екібастұз» бен «Ақтөбе Ж» командалары жанкүйерлерге нағыз тартысты ойын сыйлады. Бұл кездесуде алты гол соғылып, екі қызыл қағаз көрсетілді. Матч нәтижесінде командалар 3:3 есебімен тең тарқасты.
Ойынның алғашқы бөлігінде алаң иелері белсенді бастады. 20-минутта Алексей Скворцов есеп ашты. Алайда қонақтар көп күттірмей, үш минут өткен соң Досжан Арыстановтың голымен таразы басын теңестірді. Бірақ бірінші таймның соңына қарай «Екібастұз» қайта алға шықты: 38-минутта Ораз Сайлыбаев, 44-минутта Шадман Бакиров мергендік танытып, есепті 3:1-ге жеткізді.
Екінші таймда «Ақтөбе Ж» үмітті үзген жоқ. 56-минутта Досжан Арыстанов дубль авторы атанды. 63-минутта алаңда шиеленіс күшейді: ойыншылар арасындағы қақтығыстан кейін бас төреші Кирилл Ткачев екі командадан да бір-бір ойыншыны алаңнан қуды - «Екібастұздан» Аслан Сүлейменов, ал «Ақтөбе Ж»-дан Алишер Кенжегұлов қызыл қағаз алды.
Ойын соңында аз құрамда өнер көрсеткен ақтөбеліктер матчты құтқарып қалды. Қосымша уақыттың үшінші минутында Аскербек Байдалинов есепті теңестіріп, командасына бір ұпай сыйлады.
Қазақстан Бірінші лигасы, 3-тур
«Екібастұз» – «Ақтөбе Ж» – 3:3
Голдар: Алексей Скворцов 20, Ораз Сайлыбаев 38, Шадман Бакиров 44 – Досжан Арыстанов 23, 56, Аскербек Байдалинов 90+3
Алаңнан қуылды: Аслан Сүлейменов 63 («Екібастұз») – Алишер Кенжегұлов 63 («Ақтөбе Ж»)

Футбол
Кеше 18:07

Футбол
Кеше 17:27