locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский
locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский
Қонақ
Қонақ Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз немесе тіркеліңіз
Мәзір

Тарихқа жол: Мбаппенің «Реалдағы» алғашқы маусымы қалай өтуде

Футбол 11 сәу 2025 19:01
Серик Амирбек
Серик Амирбек
Редактор
Тарихқа жол: Мбаппенің «Реалдағы» алғашқы маусымы қалай өтуде
ФОТО: Sports24.kz

Килиан Мбаппенің мадридтік «Реалға» ауысуы өткен жаздың ең айтулы оқиғаларының бірі болды. Корольдік клуб әлемдегі үздік шабуылшылардың бірін тегін қатарға қосты. Мбаппеге жанкүйерлер мен сарапшылар тарапынан үлкен үміт артты. Алайда, Мбаппе секілді жұлдыздың да жаңа ортаға бейімделуіне уақыт қажет екені байқалды.

Ла Лиганың алғашқы үш турында гол соға алмаған Килианды көпшілік сынның астына алды. Көп адам оның «Реал» сапындағы алғашқы голын УЕФА Суперкубогындағы ойында соққанын естен шығарып жатты. Осыдан кейінгі бес матчта Мбаппе алты гол соқты, бірақ олардың үшеуі пенальтиден еді, сондықтан сын жалғаса берді.

Кейінгі жеті матчта небәрі бір ғана голмен шектелген француз форвардының формасы тағы да көпшіліктің күмәнін тудырды. Бұл кезеңде «Барселонадан» Эль-Класикода 0:4 есебімен жеңіліп, Чемпиондар лигасында «Миланға» 1:3 есебімен есе жіберді. Ал «Ливерпульге» қарсы ойында (0:2) Мбаппе пенальти соға алмай қалғанда, бұл трансфердің сәтсіз болғаны жайлы пікірлер күшейе түсті. «Құлаған үміт» деген тіркес сол күні Twitter (X) желісінде 17 түрлі тілде трендке айналды.

Мадридке келген алғашқы кезеңінде Килиан Мбаппе өзіне тән деңгейде ойнай алмады. Ол жаңа ортаға үйренуде қиындық көріп, алаңда әріптестерімен өзара түсіністік таба алмады. Бірақ бұл адаптация біржақты емес еді - «Реалдың» өзі де Мбаппеге бейімделуге мәжбүр болды. Джуд Беллингем өткен маусымда 23 гол соққан сүйікті шабуылшы позициясынан шегінді, ал Винисиус Мбаппенің сол қапталға ығысуына байланысты өз аймағындағы бәсекеге тап болды. Француз ПСЖ-де дәл сол жақта керемет ойнағанын ескерсек, бұл шешім таңғаларлық емес еді.

Алайда уақыт өте келе Мбаппенің нәтижелілігі арта түсті. Барлығы 4-4-2 тактикасына көшкеннен кейін реттеле бастады. Бұл жүйеде Винисиус пен Родригодан бұрынғыдан көп қорғаныс жұмысы талап етілді, ал Беллингем енді алаңның тереңдеу бөлігінде ойнауға мәжбүр. Соған қарамастан, Джуд 13 гол соғып үлгерді. Бұл төртеуі бірлесіп алғы шепте тамаша статистика көрсетуде, енді Килианның жұлдызды командаластарымен тіл табыса алмай жүргені туралы әңгіменің жөні қалмады. Француз шабуылшысы бірте-бірте нағыз бабына еніп, қайтадан гол соғу сериялық көрсеткіштеріне оралды.

Қараша айының соңында «Ливерпульге» қарсы матчтан кейін Мбаппе келесі алты ойынның бесеуінде пенальтисіз гол соқты. Оның нәтижелілігі күрт артты. Қаңтарда «Барселонадан» 1:4 есебімен жеңілген Испания Суперкубогының финалында да гол соғып, сол кезден бері Килиан соңғы 20 матчта 19 голмен көзге түсті. Қазіргі таңда оның осы маусымдағы барлық турнирлердегі голдарының саны - 33. Бұл - таңғаларлық көрсеткіш, себебі «Реалдың» аңыз ойыншысы Криштиану Роналду клубтағы алғашқы маусымында дәл осынша гол соққан болатын. Кейін Роналду мадридтіктер тарихындағы үздік сұрмерген атанып, жалпы 450 голмен рекорд орнатты.

Бұл рекордты бұзу мүмкін емес сияқты. Бірақ, Мбаппе Роналдуға алғашқы маусымдағы гол саны жағынан теңескен соң, «Реалдың» бас бапкері Карло Анчелотти француз шабуылшысының португалиялық аңыздың жетістіктерін қайталауға қауқарлы екенін айтты. Айта кетейік, Криштиану Мадридке «Манчестер Юнайтедтен» ауысқанда Мбаппеден бір жас кіші болған және «Реалдағы» тоғыз маусымында фантастикалық қарқынмен гол соғып отырды. Бірінші маусымынан кейін Роналду алты жыл қатарынан 50-ден астам гол соқты (екеуінде - 60-тан аса) және соңғы екі маусымында тиісінше 42 және 44 голмен шектелді. Ол мадридтік кезеңінде орта есеппен әр матчта бір голдан артық соқты.

ФОТО: Getty Images

Мбаппе әзірге Роналдудың «Реалдағы» жолын толық қайталайды деу қиын. Дегенмен, оған бір-ақ гол жетпей тұр - Килиан сонымен «Реал» тарихындағы ең үздік дебютанттардың бірі атанбақ. Бұл тек үлкен жолдың басы болуы мүмкін. Қазір Мбаппенің Ла Лигадағы голдар саны - 22. Испания чемпионатындағы алғашқы маусымда Роналду 26 гол соққан, Килианға осы көрсеткішті қайталау үшін небәрі 4 гол керек.

«Реал» сапындағы дебюттік маусымда Ла Лигада ең көп гол соққан ойыншы - аңызға айналған Альфредо Ди Стефано. Ол 1953/54 жылғы маусымда 27 голмен көзге түскен. Мбаппе бұл рекордты да жаңартуға жақын, егер солай болса, ол клуб тарихына алтын әріптермен жазылары сөзсіз.

А, Ла Лиганың жалпы тарихында дебюттік маусымдағы ең көп гол көрсеткіші бразилиялық Роналдоның еншісінде - ол 1996/97 жылғы маусымда «Барселона» үшін 34 гол соқты. Одан кейін Пруден Санчес («Атлетико», 1940/41) - 33 гол, және Ромарио («Барселона», 1993/94) - 30 гол. Бұл Ла Лигада дебюттік маусымда 30 голдық межеден асқан жалғыз үш ойыншы. Мбаппе үшін бұл меже әзірге қиындау көрінуі мүмкін, бірақ қазіргі қарқынын ескерсек, ол да қолжетімді мақсатқа айналуда.

Француз шабуылшысы алғашқы 27 матчта 14 гол соғып, 18.9 xG (күтілетін гол) көрсеткішіне ие болды. Ал соңғы 19 голын ол небәрі 12.6 xG кезінде соқты. Бұл Килианның нағыз сенімді ойын деңгейіне жеткенін және көпшілік күткен нәтижелерді бере бастағанын айғақтайды.

Соңғы нәтижелер «Реалдың» трофейлерге үмітін азайтып отыр. Клуб Ла Лигада «Барселонадан» төрт ұпайға қалып қойды, ал Чемпиондар Лигасының ширек финалындағы алғашқы ойында «Арсеналдан» 0:3 есебімен күйрете жеңілді. Дегенмен, Анчелотти шәкірттері Испания кубогының финалына жолдама алып үлгерді және теория жүзінде болса да, әлі де треблге (үш бірдей титул) таласа алады.

Айта кетерлігі, Криштиану Роналду Мадридтегі алғашқы маусымында бірде-бір трофей жеңіп алмады. Сондықтан Килиан Мбаппенің дебюттік маусымы Роналдудікінен сәттірек болуы әбден мүмкін. Ал ол осы жылдан кейін Роналду секілді клуб тарихында өшпес із қалдыра ала ма - бұл басқа әңгіме. Бірақ биылғы маусымға қарап-ақ Мбаппенің Мадридтегі болашағына үмітпен қарауға толық негіз бар.

The Analyst деректері бойынша

Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie