Үстемдіксіз: Арсенал көшбасшысын, тиімділігін және ұпайларын жоғалтып отыр
Ағылшын Премьер-лигасының осы маусымы басталғанға дейін, “Арсенал” мен “Манчестер Сити” чемпиондық тартыстың басты кейіпкерлері болады деп болжанған еді. Бас бапкерлерін жаңартқан “Ливерпуль” мен “Челси” назардан тыс қалып, ал жаңа маусымды сүреңсіз бастаған “Манчестер Юнайтед” мүлде еленбеді. Дегенмен, АПЛ-дің алғашқы 11 турынан кейін “Ливерпуль” турнир кестесінде көш бастап, “Манчестер Ситиден” 5 ұпайға, “Арсеналдан” 9 ұпайға алда келеді. Тіпті, “канонирлер” “Челсиге” де жол беріп, төртінші орынға сырғып түсті.
Әрине, Премьер-лигадағы чемпиондық жарыс жайлы әңгіме қозғау үшін әлі ерте. Алайда соңғы жылдардағы үздік екі команданың қазіргі қиындықтарға тап келгенін аңғармау мүмкін емес. “Манчестер Сити” қатарынан төрт матчта жеңіліс тапты - бұл Пеп Гвардиола жаттықтырған кезден бері алғаш рет орын алған жағдай. “Арсенал” да біраз ұпайды жоғалтты. Әлі де чемпиондық тартыс туралы сөз қозғау ертерек болғанымен, маусым басында-ақ көшбасшыдан 9 ұпайға кейін қалу - үлкен көрсеткіш. “Манчестер Сити” қысымға шыдауды, қиындықтарды еңсеруді жақсы меңгерген, және көп жағдайда “қалалықтар” қиындықтан жеңіспен шығып жатады. Ал “Арсенал” мұндай ауыр кезеңдерде психологиялық тұрғыдан әлсіздік танытады, әсіресе команда тиімділігін жоғалтқан кезде.
“Арсенал” мен “Манчестер Ситидің” мәселелері бір-біріне ұқсас: жарақаттар, негізгі ойыншылардың жоғалуы және тиімділіктің төмендеуі. Ең қызығы, екі команда да бұрынғыдай қарсыластарынан басымдық таныта алмай жүр. “Канонирлердің” бас бапкері болып келгеннен кейін, Микель Артета өз философиясы - үстемдік құруға деген ұмтылысын талай рет атап өткен еді. Алайда уақыт өте келе ол өз қағидаларынан біртіндеп алыстап, жиі прагматикалық тәсілге көшті. Бұрын лондондықтар 90 минут бойы шабуылда ойнаса, қазір олар допты бақылап, уақытты созып, қорғаныстан шығуды жөн көретін болды. Егер нәтиже беріп жатса, бұл тактикада айып жоқ, бірақ ол әрдайым оң нәтиже әкелмейді.
“Арсенал” алғашқы қателігін Премьер-лиганың үшінші турында “Брайтонмен” тең ойнағанда жіберді (1:1). “Манчестер Ситимен” тең ойын (2:2) ұят емес, әсіресе екінші таймда сан жағынан кем ойнағанын ескерсек. Бұдан кейін лондондықтар бірнеше әсерлі жеңістерге жетті, бірақ кейін айтарлықтай құлдырау байқалды. Соңғы төрт Премьер-лига матчында Артета шәкірттері небәрі 2 ұпай жинады. “Арсенал” “Ливерпуль” (2:2) және “Челси” (1:1) командаларымен тең түсті, бірақ “Борнмуттан” (0:2) және “Ньюкаслдан” (0:1) жеңіліп, бірде-бір гол соға алмады. Бұған қоса, Чемпиондар лигасында “Интерге” де минималды есеппен (0:1) есе жіберді.
Маусымның басында “Арсенал” барлық турнирлерде 3 рет жеңілді. Бұған дейін дәл осындай көрсеткішті олар 32 матч бойы қайталамаған еді. “Канонирлердің” құлдырауы анық, және бұған бірнеше себеп бар. Ең бастысы - жарақаттар. Маусымның басынан бері лондондықтардың 6 ойыншысы, оның ішінде қорғаушылар, жарақат алды. Қорғаныстағы қиындықтар биылғы маусымда көптеген командалар үшін үлкен сынаққа айналды, “Арсенал” да бұл қатардан тыс қалмайды. АПЛ-дегі 11 матчта “канонирлер” 12 гол жіберді - бұл көрсеткіш дағдарыстағы “МЮ” деңгейіне тең. Сонымен қатар, лондондықтарда қызыл қағаз алуға деген бейімділік байқалды. Ағымдағы маусымда Премьер-лигада олар шамамен 150 минутты аз құраммен өткізіп, кейде терең қорғанысқа көшуге мәжбүр болды.
Сонымен қатар, “Арсеналдың” шабуылы айтарлықтай әлсірегені байқалады. АПЛ-де “канонирлер” ең нәтижелі бес команданың қатарына кіре алмай отыр - олардың еншісінде бар болғаны 18 гол. Одан да көп гол соққан “Брайтон” (19), “Челси” (21) және тіпті “Брентфорд” (22) сынды командалар. Лондондықтар “Интерге” қарсы ойында 20 рет соққы жасағанымен, бірде-бір гол соға алмады. Соңғы 18 жылда “Арсенал” Чемпиондар лигасындағы матчта мұнша көп соққы жасап, нәтижесіз қалғаны алғаш рет орын алды. Сонымен қатар, “канонирлер” үш сырт алаңдағы матчта бірде-бір гол соға алмай, тек “Челсиге” қарсы матчта ғана есеп ашты. Лондондықтардың шабуылында шынайы қауіпті сәттер сирек пайда болуда, бұл әсіресе Мартин Эдегордың жоқтығы сезілген кезде айқын көрінеді. Олсыз команда шабуылдағы креативтілігін жоғалтуда.
Эдегордың жарақат алып алаңға шықпай қалуы кезінде “Арсеналдың” шабуылы оған қаншалықты тәуелді екені көзге ұрып тұрды. “Канонирлер” оның қатысуымен матчтарының 67,6%-ын жеңсе, онсыз - 46,2%-ын ғана жеңеді. Мартинмен бірге лондондықтар орта есеппен әр ойында 2,2 ұпай жинаса, онсыз бұл көрсеткіш 1,5-ке дейін төмендейді. Норвегиялық футболшы - “Арсеналдың” шабуылдағы ең креативті ойыншыларының бірі, орталықтан ойын құруға жәрдемдеседі. Оның қатысуымен “канонирлер” орта есеппен 2,1 гол соқса, онсыз бұл көрсеткіш 1,8-ге дейін азаяды. Эдегор алаңның соңғы үшінші бөлігінде ерекше белсенді, ал ол жоқ кезде команда ойыны біршама тікелей сипат алып, креативтіліктен айырылып қалады. Онымен бірге “Арсенал” орта есеппен 9,3 кросс жасаса, онсыз бұл көрсеткіш 13,9-ға дейін артып, ойынның түзу сызықта өтетінін көрсетеді.
Эдегордың болмауы шабуылдағы басқа ойыншылардың тиімділігіне де ықпал етті. Кай Хаверц маусымды жақсы бастап, алғашқы 10 матчта 6 гол соққанымен, кейінгі жеті ойынның ішінде тек бір голмен шектелді. Оның кейбір статистикалық көрсеткіштері де күрт төмендеді: маусым басында Хаверц орта есеппен 3,33 соққы жасаса, қазір бұл көрсеткіш 1,64-ке дейін азайды. Қақпаға тура соққылар саны 90 минутта 1,4-тен 0,36-ға дейін төмендеді. Габриэль Мартинелли де өзіне сенімсіз көрінеді. 2022/23 маусымында 15 гол соққаннан кейін оның белсенділігі айтарлықтай төмендеді. Бұрын ол матч сайын 0,55 нәтижелі әрекет жасаса, өткен маусымда – 0,44, ал қазір бұл көрсеткіш 0,34-ке дейін азайған.
Мұндай жағдайда шабуылдағы негізгі жауапкершілікті Букайо Сака өз мойнына алды, бірақ “Арсенал” тым жиі оң қаптал арқылы ойнайды. Өткен маусымда “канонирлердің” қауіпті сәттерінің 43%-ы осы қапталдан жасалған болса, биыл бұл көрсеткіш 51,4%-ға жетті. Бұл “Арсеналдың” ойын балансынан айырылғанын және жекелеген ойыншыларға тәуелді екенін көрсетеді. Жеке шеберлікке тым көп сенім артудың өзі команданың жалпы ойынына кері әсер етуде. Жазғы үзіліс кезінде күшейтілген құрамы бар сияқты көрінген “Арсенал” қазір тепе-теңдікке ие емес. Ұлттық құрамалар ойындарынан кейін лондондықтарға жағдайды түзеу қажет, әйтпесе чемпиондық армандарынан айырылып қалуы мүмкін.
Сергей Завалко
Баскетбол
Бүгін 13:36
Футбол
Бүгін 07:04