«Стадиондар». Андрей Мартин қазақстандық футболдың басты мәселесі жайлы


«Ордабасы» футбол клубының бас бапкері Андрей Мартин Қазақстандағы футбол инфрақұрылымын дамыту жөнінде пікір білдіріп, жаңа үлгідегі стадиондардың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жайлы әрі заманауи ареналар жанкүйерлерді тартудың, ойынға деген қызығушылықты арттырудың басты кілті бола алады.
«Менің ойымша, басты мәселе — стадиондар. Бізде физикалық дайындық бойынша жаттықтырушы жұмыс істейді, ол соңғы бес жылда Мәскеудің «Динамосы» мен «Сочиде» еңбек етті. Ол Ресейде Әлем чемпионатына арнап салынған ареналардан кейін жағдайдың қалай өзгергенін айтып берді. Адамдар отбасымен бірге футболға келетін болды, өйткені жаңа стадиондарда нағыз атмосфера бар. Көпшіліктің футболды қабылдауы да өзгереді. Ескі және жаңа стадионның айырмашылығы - жер мен көктей», - деді Мартин YouTube-тегі «CCARDINAL» арнасына берген сұхбатында.
Маман «Ордабасыны» 2024 жылдың желтоқсанында тізгіндеген. Бұған дейін Молдованың «Петрокуб» командасында жұмыс істеп, клубты Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңіне шығарған болатын. ҚПЛ-дың қазіргі маусымында 7 турдан кейін шымкенттік клуб 7-орында келеді.
Бұған дейін Мартин Қазақстандағы алғашқы әсерімен де бөліскен болатын.

Теннис
Бүгін 07:51

Хоккей
Бүгін 02:26