Шпетим Бабай қарағандылық «Шахтердің» болашағы жайлы пікір білдірді


Карағандылық «Шахтердің» бұрынғы легионері Шпетим Бабай қазақстандық клубтың қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірді.
Албаниялық футболшы «Шахтердің» Бірінші лигада ойнап жүргені көңіл қынжылтатынын айтты.
««Шахтер» секілді клуб Қазақстан чемпионатының Бірінші лигасында емес, Премьер-лигада ойнауы керек. Бұл - үлкен клуб, ол әрдайым елдің үздік үштігінде болуы тиіс. Не болғанын нақты білмеймін, бірақ бір нәрсеге сенімдімін: олар жиналып, клубтағы жұмысты дұрыс ұйымдастыруы керек. Сонда ғана өз орны - Премьер-лиганың топ-3 қатарынан көрінуі мүмкін»,– деді Бабай Legalbet.kz порталына берген сұқбатында.
Оның айтуынша, клубқа тұрақтылық пен дұрыс басқару жүйесі ауадай қажет.
««Шахтерге» пайда әкелетін, клуб пен футболдың не екенін жақсы білетін адамдар керек», – деп түйіндеді ол.
Шпетим Бабай 2009 жылы «Шахтер» сапында өнер көрсетіп, жанкүйерлердің сүйіспеншілігіне ие болған. Оның жанкештілігі мен көшбасшылық қасиеттері алаңда көзге түскен еді.
2025 жылғы маусымда карағандылық клуб Бірінші лигадағы алғашқы ойынында «Түркістанды» 2:1 есебімен жеңіп, Премьер-лигаға оралу жолындағы күресін бастап кетті.

Футбол
Бүгін 06:03
