Роналду тағдыр тарауында: ұлы португалиялықтың күрделі бүгіні мен бұлыңғыр болашағы


2023 жылдың қаңтарында Криштиану Роналду футбол әлемін елең еткізген тосын шешім қабылдап, мансабын Сауд Арабиясында жалғастыруды жөн санады. Бұл таңдау оның «Манчестер Юнайтедтен» дау-дамаймен кетуінен кейінгі маңызды бетбұрыс болды.
Роналду араб футболының жаңа дәуірін бастаған алғашқы ғаламдық жұлдызға айналды. Оның «Әл-Наср» клубына қосылуы бір ғана ойыншының тұтас бір чемпионатты әлемге таныта алатынын айқын көрсетті. Криштианудың келуімен Про-лига әлемдік назардың ортасына шықты.
Португалиялық шабуылшы жылына 200 миллион еуро табыс түсіретін рекордтық келісімшартқа қол қойды. Саудиялықтар оның есімімен байланысты жарнама мен танымалдылық үшін тиісті сыйақыны аямай берді. Роналду ел біріншілігінің беткеұстары мен насихатшысына айналды. Бұл стратегия толықтай ақталды.
Одан кейін бұл елге Неймар, Кәрім Бензема, Роберто Фирмино, Джордан Хендерсон сынды тағы да бірқатар танымал футболшылар ағылды. Олармен бірге Стивен Джеррард, Жорже Жезуш пен Стефано Пиоли сынды беделді бапкерлер де келіп қосылды. Мұндай легионның арқасында Сауд Арабиясының Про-лигасы халықаралық деңгейде мойындалған чемпионатқа айналды.
Роналду келгеннен кейін ел біріншілігінің деңгейі шын мәнінде өсті: жанкүйерлер қызығушылығы артты, ойын сапасы жақсарды, командалар арасындағы бәсеке күшейді. Алайда мұндай ілгерілеу «Әл-Наср» үшін күткен нәтижеге әкеле қойған жоқ. Криштиану келгенге дейін клуб ішкі біріншілікте үшінші орынды иеленген болатын.
Оның Сауд Арабиясына келуінің басты себебі – тек лиганы жарнамалау ғана емес, «Әл-Насрдың» нақты табысқа жетуіне себепкер болу еді. Бұл миссия жартылай орындалды: екі маусым қатарынан команда екінші орынмен шектелді. Бірақ басты мақсат – чемпиондық – әлі күнге дейін қол жетпес арман күйінде қалуда.
2022/23 жылғы маусымның екінші бөлігінде Роналду 16 ойында 14 гол соқты. Одан кейінгі маусымда оның еншісіне 35 гол жазылды. Қазіргі маусымда 23 мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеді. Гол жағынан ол әлі де жоғары деңгейде. Бірақ бұл командаға жеңіс әкеліп жатқан жоқ. Бұл - түйткілдің өзегі.
Әрине, барлық жауапкершілікті Криштиануға жүктеу әділетсіз болар еді. Ол қақпашы да, қорғаушы да емес. Дегенмен мұндай ауқымдағы футболшы кез келген клубтың ішкі құрылымына, тактикасына, тіпті бапкерлік шешімдерге әсер ете алады. Ал «Әл-Наср» өз жұлдызы үшін қолдан келгеннің бәрін жасады.

Роналду Руди Гарсиямен тіл табыса алмады - нәтижесінде бапкер қызметінен босатылды. Оның орнына Криштиану ұсынған Луиш Каштру шақыртылды. Жаңа бапкер келгеннен кейін команда орта есеппен әр матчта 2,17 ұпай жинай бастады. Алайда «Әл-Хиләл» ол аралықта чемпиондық қарқынын үдетіп, жарыста алға суырылып шықты.
Нәтижесінде, «Әл-Наср» қатарынан екі маусымда да тек күміске қол жеткізумен шектелді. Ал, биылғы маусымда клуб алғашқы үштікке де іліге алмауы мүмкін. Кейбір кездесулерде сенімді жеңіске жеткенімен, командаға тұрақтылық жетіспейді. Ал тұрақсыз команда чемпион бола алмайды.
Осы маусымда «Әл-Наср» алты рет жеңіліс тапты – бұл Роналду келгеннен бергі ең нашар көрсеткіш. Сонымен қатар, команда Азия чемпиондар лигасынан да шығып қалды. Келесі маусымда бұл турнирге қатыса алмай қалу қаупі де бар. Осы жағдайлардың аясында Криштиану мен клуб басшылығы арасындағы қарым-қатынас күрт нашарлай бастады.
Португалиялық шабуылшы команданың тұрақты жеңіске жете алмауына реніш білдірсе, басшылық жүлдесіз өткен маусымдарға наразы. Олардың пікірінше, Роналду ұсынған бапкерлер мен оның маңындағы құрам үмітті ақтамады. Қазір екі тарап арасындағы байланыс салқындап тұр.
Тараптар арасындағы алғашқы үлкен келіспеушілік 7 мамырда, «Әл-Иттихадтан» ұтылған соң туындады. Ал Азия чемпиондар лигасынан шығып қалғаннан кейін жағдай одан бетер ушықты. Клуб басшылығы Роналдудың жауапкершілікті мойнына алмай, кінәні төрешілер мен әріптестерге аударуын ұнатпайды.
Клуб Криштиану Роналдуды тек танымал жұлдыз емес, нағыз көшбасшы әрі капитан ретінде көреді. Алайда соңғы уақытта олардың арасында өзара сенім азайып, түсіністік жоғала бастады. Маусым бойы келісімшартты ұзарту туралы келіссөздер жүргізілгенімен, бүгінде бұл мәселе күн тәртібінен түсіп қалды.
Криштианудың «Әл-Насрмен» келісімі 2025 жылдың маусымында аяқталады. Осыны ескерсек, ол жақын арада еркін агент атануы мүмкін. Жасы қырыққа келгенімен, әлемдік беделі мен тәжірибесі оған деген қызығушылықты жоғалтқан жоқ. Бірақ оған ақша ғана емес, нақты титулдар да қажет. Екеуін қатар ала жүретін қандай нұсқалар болуы мүмкін?
Солардың бірі – «Әл-Хиләл». Егер Роналду «Әл-Насрдан» кететін болса, Сауд Арабиясында аяқталмаған ісі қалады. Ол бұл елде әлі де маңызды трофей жеңіп көрген жоқ. Екі маусым қатарынан «Әл-Хиләлдан» кейін қалып отырған португалиялық шабуылшы осы клубпен күш біріктірсе ше?

«Әл-Хиләл» – Сауд Арабиясы ғана емес, Азия құрлығының ең атақты клубы. Команда ел чемпионы атағын 19 рет жеңіп алған. Егер Роналду сынды гол шебері қосылса, бұл клуб 20-чемпиондыққа оп-оңай жетуі ықтимал. Жазда құрам жаңаруы мүмкін. Неймармен сәтсіз тәжірибеден кейін жаңа жұлдыз іздеп жүрген клуб үшін Роналдудың келуі – оңай әрі тиімді шешім. Еуропадан ешкімді үгіттеп әкелудің де қажеті жоқ.
Мұндай ынтымақтастық екі тарапқа да пайдалы болар еді. Алайда Криштиану үшін басқа бағыттар да ашық. Соның бірі – МЛС. Америкалық лига Роналдуды Лионель Мессимен бір алаңға қайта шығарып, сол дуэль арқылы көрермен назарын аударғысы келеді. Бұл тұрғыда «Лос-Анджелес Гэлакси» клубы - ең ұтымды нұсқа. Бұл команда кезінде көптеген әйгілі футболшылардың өнер көрсету алаңына айналған.
Соңғы кездері Роналдудың туған клубы – «Спортингке» оралуы мүмкін деген сыбыс жиілеп кетті. Лиссабондық ұжым бірнеше жылдан бері өз түлегін қайта қатарларынан көргісі келетінін жасырмай келеді. Бұл нұсқа Криштиану үшін де жүрекке жақын болуы ықтимал. Туған клубына оралып, тарихи 1000-шы голын соғып, мансабын аяқтау - футбол ертегісіне айналатын көрініс болар еді. Бұл қиял емес, нақты мүмкіндіктің бірі.
Айта кету керек, «Спортингтің» қазіргі негізгі шабуылшысы Виктор Дьекереш маусым соңында командадан кетуі мүмкін. Ондай жағдайда клуб жаңа көшбасшы іздеуге мәжбүр болады. Ал егер Роналду дәл сол уақытта еркін агент атанса – бұл тағдырдың өзі оған туған үйіне қайта орал деп тұрғандай болмақ.
Қалай болғанда да, егер Криштиану «Әл-Насрдан» кетсе, ол ешқашан елеусіз қалмайды. Таңдау жеткілікті. Бірақ ең маңызды сұрақ - клуб пен ойыншы бір-біріне не бере алады? «Әл-Насрдағы» тәжірибе көрсеткендей, медиялық танымалдылықтың өзі чемпиондыққа жетелейтін фактор бола алмайды.

