Ресми: «Манчестер Сити» 18 жастағы талантқа 100 млн еуро төледі
«Манчестер Сити» ресми түрде «Лилльдің» 18 жастағы тірек жартылай қорғаушысы Аюб Буаддиді құрамына қосқанын жариялады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Англиялық клуб жас футболшымен 2031 жылдың жазына дейін ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойды.
Трансфердің нақты сомасы ресми түрде жарияланған жоқ, алайда БАҚ мәліметінше, «Манчестер Сити» Буадди үшін шамамен 100 миллион еуро төледі.
Буаддиге Еуропаның жетекші клубтары қызығушылық танытуы таңқаларлық емес. Жас болғанына қарамастан, жартылай қорғаушы «Лилль» сапында жоғары деңгейде ойнау тәжірибесін жинап үлгерді. 2025/26 маусымында ол клуб деңгейінде барлық турнирде 42 матч өткізіп, бір нәтижелі паспен көзге түсті.
Буадди тірек жартылай қорғаушы позициясында ойнайды және өз буынының ең перспективалы жас ойыншыларының бірі саналады. Transfermarkt порталының бағалауынша, футболшының нарықтық құны 80 миллион еуроны құрайды.