Оралхан Өміртаев - Беларусь чемпионатының жаңа джокері
Бейсенбі, 28 қараша күні Беларусь чемпионатының 30-туры аясында Борисовтың БАТЭ командасы мен “Сморгонь” клубы кездесті.
26 жастағы қазақстандық шабуылшы Оралхан Өміртаев бұл ойынды қосалқы құрамында бастады. Ол алаңға 59-минутта, есеп 4:2 болып тұрған кезде шықты. 83-минутта Өміртаев “Сморгонь” қақпасына гол соғып, есепті 6:3 қылды. Осылайша, БАТЭ шабуылшысы Оралхан Өміртаев ойынға қосалқы құрамнан кіргеннен кейінгі соғылған голдар саны бойынша Беларусь чемпионатының осы маусымдағы көшбасшысы атанды.
Соңғы турға дейін Өміртаев пен Максим Скавышта осындай 7 голдан болған еді. Алайда “Сморгоньмен” болған матчта қазақстандық шабуылшы, ойынды қосалқы құрамнан бастаса да, гол соғып, өз көрсеткішін жақсартты.
Нәтижесінде, ол “Торпедо-БелАЗ” шабуылшысы Максим Скавыштан озып, көш бастады, дегенмен қарсыласының алда “Славиямен” соңғы матчы бар. Сонымен қатар, Өміртаев БАТЭ сапында 2018 жылы Скавыш орнатқан абсолютті рекордты қайталады – Максим сол жылы қосалқы құрамнан шығып, 8 гол соққан болатын. Сондай-ақ, Оралхан бұл көрсеткіш бойынша легионерлер арасында рекорд орнатты.