«Олардың беделді турнирлерге шығу мүмкіндігі өте төмен». Максим Шацких Қазақстанның УЕФА-ға өтуі жайлы


Өзбекстан құрамасының және кезінде астаналық «Локомотив» клубының шабуылшысы болған Максим Шацких Қазақстанның Азия футбол конфедерациясынан (АФК) шығып, Еуропаға (УЕФА) өту жөніндегі шешіміне қатысты пікір білдірді.
«Қазақстанда жүргенде өздерінен сұрайтынмын: «Сендерге ол жақ неге керек болды?». Шынын айтқанда, Азияда оларда Әлем чемпионатына жолдама алу мүмкіндігі көбірек еді. Қазақстанда жақсы құрам болды, ал бізбен ойындары нағыз қызу «дербиге» айналатын», - деді Шацких Dynamo.Kiev.ua порталына берген сұқбатында.
Оның айтуынша, Қазақстанның Еуропаға бет бұруының бір себебі - ойыншыларды еуропалық нарыққа шығару ниеті болуы мүмкін.
«Мүмкін, олар Еуропаға сол мақсатпен өткен болар - өз футболшыларын Еуропаға оңайырақ сату үшін. Бірақ мен ол сұраққа нақты жауапты Қазақстанда жүргенде де ала алмадым. Қазір олардың беделді турнирлерге шығу мүмкіндігі өте төмен екені түсінікті. Біреулер сол шешімді қабылдау керек болды», — деп қосты тәжірибелі шабуылшы.
Айта кетейік, Қазақстан УЕФА құрамына ресми түрде 2002 жылдың 25 сәуірінде қабылданды. Осылайша, еліміз Орталық Азияда Еуропа футбол ұйымының туы астында өнер көрсететін жалғыз мемлекет атанды.
Бұл уақытта Өзбекстан құрамасы тарихында алғаш рет Әлем чемпионатына жолдама алып отыр. Ал Қазақстан 2026 жылғы әлем біріншілігінің іріктеу кезеңінде күресін жалғастыруда. Үш турдан кейін ұлттық құрамамыз G тобында төртінші орында келеді.