“Олар ешкімге қажетсіз турнир ойлап тапты”: Ұлттар Лигасын ойыншылар неге елемейді?
Футбол - өзінің дәстүрлерін қастерлейтін ерекше әлем. Сондықтан бұл спорттағы кез келген жаңалық бастапқыда түсініспеушілікпен, тіпті қарсылықпен қабылданады. Мұндай жағдай бұрын да болған: мысалы, Чемпиондар Лигасының енгізілуімен. Алғашқы жылдары жаңа формат қатты сынға ұшырап, көптеген күмән мен пікірталас тудырды. Бірақ уақыт өте келе ол футбол әлеміне жаңа серпін беріп, барша жанкүйерлердің ықыласына бөленді. Бұрын топтық кезеңдерде бәрі алдын ала шешіліп, қалған матчтар жай ғана формальдылыққа айналатын. Ал қазір Чемпиондар Лигасының төртінші турында-ақ ПСЖ, “Реал” және “Бавария” сияқты алып клубтардың плей-оффқа өте алмау қаупі бар. Бұл мүмкіндігі аз сценарий болғанымен, турнирге ерекше интрига қосып отыр.
VAR-ға қатысты жағдай керісінше болды. Бұл технологияны алғаш енгізген кезде төрешілердің қателіктерін барынша азайтады деп күтілген еді. Бірақ уақыт өте келе бұл жүйенің футболға айтарлықтай өзгеріс әкелмегені байқалды, сондықтан оны дерлік әр ойыннан кейін сынға алады. VAR мен Чемпиондар Лигасының жаңа форматы - реформалар, ал реформалар әрдайым сақтықпен қабылданады. Ал Суперлига төңкеріс ретінде ұсынылды, бірақ ол ақыр соңында жүзеге аспаған турнир күйінде қалды.
Дегенмен, нақты турнирлерге деген көзқарас та әрдайым жақсы бола бермейді. Ұлттық чемпионаттар, Чемпиондар Лигасы, Еуропа Лигасы - бұлардың мақсаты мен мәні түсінікті. Конференциялар Лигасы да аса танымал болмаса да, негізінен Чемпиондар және Еуропа лигаларына сирек қатысатын клубтар үшін орынды шешім ретінде қабылданады. Немесе мүлде қатыспайтындар үшін.
Ал, УЕФА Ұлттар Лигасын құрғанда сұрақтар туындай бастады. Негізгі сұрақтардың бірі - матчтардың санына байланысты. Жаңа турнир автоматты түрде ойындардың көбеюін білдіреді. Бір жағынан, Ұлттар Лигасын құру идеясы қызықты әрі түсінікті - халықаралық матчтарға қызығушылықты арттыру. Ұлттар Лигасы пайда болғанға дейін үлкен футбол ұлттық құрамалардың жолдастық матчтары кезінде тоқтап қалғандай әсер қалдыратын. Топ-клубтардың құрамадағы ойыншылары арасындағы кездесулер сирек өтетін, ал өткен күннің өзінде ойын қарқыны төмен болып, футболшылардың жарақат алмауын басты назарға алатын. Ұлттар Лигасын осы олқылықтың орнын толтыру, құрамалардың деңгейін арттырып, көбірек тартымды матчтар өткізу үшін ойлап тапты.
Бірақ бұл турнир клубтық футболсыз екі аптаға созылатын үзілістің іш пыстырарлық кезеңінен құтқарды ма?
Ұлттар Лигасының ойындарына қызығушылық мүлде жоқ деуге келмейді. Тіпті кейбір афишалар тартымды бола бастады. Командаларға да жаңа мақсаттар ұсынылды: жоғары лигаға көтерілу, трофей үшін таласу немесе халықаралық турнирге жолдама алу. Бірақ уақыт өте келе бұл турнирдің футболшылар үшін әлі де екінші деңгейлі жарыс болып қалғаны айқын болды. Барлығы Еуропа және Әлем чемпионатына іріктеудің дәстүрлі форматтарына үйренгендіктен, Ұлттар Лигасы әлі күнге дейін байыпты қаралмайды. Оның үстіне, жаңа турнир жаңа ойындар әкеледі, ал бұл қазірдің өзінде футбол әлемінде ең ауыр мәселелердің бірі. Матчтардың көбеюі жарақаттардың да артуына әкеледі, бұл тек ойыншыларға ғана емес, клубтарға да, жанкүйерлерге де ауыр соғады.
Тони Кроос футболшы кезінде-ақ футбол әлемінің басшылығын ашық сынаудан жасқанбады. Өткен жылы берген сұхбаттарының бірінде ол УЕФА-ны “ешкімге қажетсіз турнир” ойлап тапты деп айыптаған болатын, және ол сөзсіз Ұлттар Лигасын меңзеді. Дәл осындай пікірді жақында “Барселонаның” бұрынғы қорғаушысы Жерар Пике де білдірді. Ол ойындар санының шамадан тыс көптігін сынға алып, матчтардың санын ғана емес, олардың ұзақтығын да қысқартуды ұсынды. Ұлттар Лигасы бірнеше жылдан бері өтіп келеді, ал осы уақыт аралығында Португалия, Испания және Франция жеңімпаз атанды. Алайда әлі күнге дейін бұл турнирдің шынайы мақсаты мен құндылығын түсінбейтіндер көп. Бірақ бір нәрсе анық: ойындар санының артуы - турнирдің ең үлкен кемшілігі.
УЕФА мен ФИФА-ға қатысты сын, әсіресе, клубтық әлем чемпионатына қатысушылар санын көбейту туралы шешімнен кейін, жаңа деңгейге көтерілді. Бұл өзгеріс турнирді көрікті ете ала ма? Әрине, күмәнді. Себебі ойыншылар ұзақ әрі ауыр маусымнан кейін шаршаңқы күйде болады. Оның үстіне, бұл матчтар футболшылар демалуға тиіс уақытта өтеді. Топ деңгейлі ойыншылардың күнтізбенің тығыздығына жиі шағымдануы да бекер емес. Мұның жарқын мысалы - Родри. Ол ұзақ әрі қажытқан маусымнан кейін ауыр жарақат алды. Оның үстіне, ол жаңа турнирлер мен ойындарды ашық сынаған футболшылардың бірі болды. Егер мұндай пікірді “Алтын доп” иегері дәрежесіндегі ойыншы айтса, онда бұл мәселені қайта қарастырып, маңызды шешім қабылдау қажет сияқты.
Жаңартылған клубтық әлем чемпионатының қандай болатыны уақыт көрсетеді. Ал Ұлттар Лигасына келсек, бұл жерде бәрі айдан анық. Егер әлемнің үздік ойыншылары бұл турнирдің матчтарына шақырылмауды өтініп жатса, оның өзінде бір шикілік бар екенін байқау қиын емес. Мысалы, Ромелу Лукаку биыл ұлттық құрама сапында ойнаудан бас тартып, жыл соңына дейін тынығып, бар назарын клубына аударғысы келетінін ашық мәлімдеді. Бұл жай ғана жеке шешім емес, үлкен мәселенің көрінісі. Ал Килиан Мбаппенің жағдайы бұдан да шу туғызды. Ол “Реал” сапында ойнағаннан кейін қазан айындағы Ұлттар Лигасының матчтарына жарақатын сылтауратып шақырылмауды сұрады. Сол уақытта Франция құрамасы Ұлттар Лигасы матчтарында тер төгіп жатса, Мбаппе клубта демалып жүрді. Қарашада ол қайтадан ұлттық құрамаға қосылғысы келді, бірақ оны бұл жолы шақырмады.
Ағылшын құрамасында бұдан да шулы оқиға орын алды. Қарашадағы Ұлттар Лигасы матчтарына бірден сегіз ойыншы қатысудан бас тартты. Бұл қатарда тек жұлдызды ойыншылар ғана емес, сирек шақырылатын футболшылар да бар. Деклан Райс, Коул Палмер, Букайо Сака, Фил Фоден, Джек Грилиш, Трент Александр-Арнольд секілді атақты есімдермен қатар, Аарон Рамсдейл мен Леви Колуилл да ұлттық құрама ойындарына қатысудан бас тартты. Бұл жағдай футболшылардың бұл турнирге деген нақты көзқарасын айқын көрсетеді. Харри Кейн әріптестерінің мұндай шешімін сынға алды, бірақ бұдан олардың ешқайсысы ұялған жоқ. Кейн - кәсібиліктің үлгісі, қажет болса, бір жылдың ішінде 100 матч ойнап береді. Бірақ дәл қазіргі заманның футболшылары арасында ондайлар аз.
Әрине, Ұлттар Лигасының белгілі бір пайдасы бар. Бірақ бұл турнир негізінен орта деңгейлі құрамалар үшін маңызды. Мысалы, Қазақстан құрамасы В дивизионында ойнау арқылы өз деңгейін түсініп, тәжірибе жинады. Көптеген матчтарда жеңіліске ұшырағанымен, бұл маңызды сабақ болды. Аустрия немесе Норвегия секілді құрамалар жай ғана жолдастық матч үшін Қазақстанға осындай ұзақ сапарға келісе қоймас еді. Алайда УЕФА талабы бойынша олар бұл қиындықты еңсеруге мәжбүр болды. Бірақ бұл турнирдің негізгі деңгейі туралы сұраққа жауапты топ ойыншылардың әрекеттерінен көруге болады. Тіпті Дидье Дешамның өзі бұл турнир тек плей-офф кезеңінен бастап қызықты болатынын ашық айтты. Қазірдің өзінде бәрі “саны сапасынан басым” деген ойды дәлелдеп тұрғандай.
Сергей Завалко
ММА
Бүгін 14:44
Теннис
Бүгін 12:09