Наурызбек Жагаров ұлттық құрамадағы алғашқы ойынын өткізіп, команданың ойынын жоғары бағалады


«Тобыл» клубының жартылай қорғаушысы Наурызбек Жагаров Қазақстан құрамасы сапындағы алғашқы матчын өткізді. Ол Әлем чемпионатына іріктеу турнирінің екінші турында Лихтенштейнге қарсы өткен сырт алаңдағы кездесуде (2:0) алаңға шықты.
27 жастағы футболшы ойыннан кейін дебютіне қатысты пікір білдіріп, жеңістің маңыздылығына және командалық тәртіпке назар аударды.
«Ұлттық құрама сапында алғашқы ойын өткізгеніме өте қуаныштымын. Ең бастысы — бүгін жеңіске жеттік, бапкеріміздің айтқан бүкіл тактикасын орындадық деп ойлаймын. Лихтенштейн — өте жақсы, оңай қарсылас болған жоқ, бірақ тактикамыз бен ұстамдылығымыздың арқасында гол соғып, жеңіске жеттік», — деді Наурызбек КФФ-ке берген сұқбатында.
Сондай-ақ ол құрама үшін кез келген позицияда ойнауға дайын екенін айтты.
«Менің позициям? Маңызды емес, бапкер қай жерге қояды — ұлттық құрама үшін сол жерде ойнаймын».
Екі турдан кейін Қазақстан құрамасының еншісінде 3 ұпай бар. Құрама «J» тобында үшінші орында тұр. Ал көш басында — 4 ұпайдан жинаған Солтүстік Македония мен Уэльс. Лихтенштейн екі кездесуден кейін де ұпай жинай алмады.

Футбол
Бүгін 06:03
