Мәселе тек Анчелоттиде емес: «Реалдың» сәтсіз маусымына не себеп болды?


Футбол әлеміндегі ең мәртебелі ұжымдардың бірі саналатын мадридтік «Реал» бұл маусымды небәрі УЕФА Суперкубогы және құрлықтық трофей кубогымен аяқтап, жанкүйерлерінің үмітін ақтай алмады. Мұндай ауқымды тарихы бар клуб үшін бір трофей - тым мардымсыз нәтиже. Ал жазда команда сапына әлем футболының басты жұлдыздарының бірі - Килиан Мбаппе қосылған кезде, үміт пен сенім еселене түскен еді. Француз сұрмергенінің қатарға қосылуы Винисиус, Родриго және Джуд Беллингем сынды шеберлермен бірлесе отырып, кез келген турнирде чемпиондыққа таласуға толық мүмкіндік беретіндей көрінді.
Алайда маусым соңына қарай «бланкостың» сөресінде жаңа жүлде пайда болмады. Бұл - «корольдік клуб» үшін ауыр әрі күрделі соққы болды. Соның салдарынан клуб басшылығы батыл әрі нақты қадам жасауға мәжбүр болды. Маусым аяқтала салысымен-ақ «Реал» бас бапкер Карло Анчелоттидің қызметінен кететінін ресми түрде хабарлады. Оның орнына негізгі үміткер ретінде Хаби Алонсоның есімі атала бастады. Тіпті испан маманының клубпен алдағы трансферлік саясатты талқылап жатқаны туралы ақпараттар да тарады. Анчелоттидің орнын босатуы - заңды шешім еді. Себебі нәтиже болмаған жағдайда жауапкершілік ең алдымен бас бапкердің мойнына жүктелетіні белгілі.
Шынында да, биылғы маусымда «Реал» алаңда сенімді әрі ықпалды команда бейнесінен алшақтап кетті. «Бланкостың» ойыны жиі-жиі жеке ойыншылардың шеберлігіне сүйенумен шектеліп, бұрынғыдай тактикалық әртүрлілік пен ұжымдық үйлесім байқалмады. Анчелоттидің жұмысына қатысты сын орынды. Дегенмен, бар кінәні тек бапкердің мойнына арту - тым біржақты әрі үстірт көзқарас болар еді. Бұл маусымдағы сәтсіздікке ықпал еткен басқа да маңызды себептер жетерлік.
Бір жағынан алғанда, Мбаппенің келуі - зор жетістік. Бірақ бұл трансфер команда үшін елеулі мәселе туындатты. Ең алдымен, «Реал» Килианды Винисиус пеншіктеген сол қанатқа шақырды. Қағаз жүзінде Мбаппе орталық шабуылшы ретінде тіркелсе де, іс жүзінде ол көбіне сол жаққа ойысып кетуге бейім. Бұдан бөлек, ол қорғанысқа көмектесуге де, қарсы қысым жасауға да ерекше құлшыныс танытпайды.
Бұл мәселе Винисиуске де тән. Осылайша, «Реал» бір позицияны екі бірдей ойыншымен жапты. Бірақ олардың ешқайсысы артқы шепте жұмыс істеуді ұната қоймайды, әрі оған бейім де емес. Ал бұл жағдай команданың ойын балансына кері әсер етіп, басқа ойыншылардың да нәтижелілігін төмендетті. Мбаппенің келуі - құрамды күшейтті десек те, ұжымдық тепе-теңдікті бұзған факторға айналды.
Осы маусымдағы өзгерістердің ең үлкен құрбандарының бірі - Джуд Беллингем болды. Өткен жылы ағылшын жартылай қорғаушысы «Реалдың» шабуылын өрлетіп, жалған тоғыз нөмір рөлінде керемет маусым өткізді. Ла Лиганың сол жылғы маусымында 19 гол соққан Джуд бұл жолы сол межеден он голға кем нәтижемен шектелді. Жалпы алғанда, ол өткен жылғыдай жарқырай алмай жүр. Бұған оның біраз уақыттан бері мазасын алып келе жатқан иығындағы жарақаты себеп болуы әбден мүмкін.

Алайда Беллингемнің нәтижелілігінің төмендеуінің басты себебі - Килиан Мбаппенің келуімен шабуыл шебінде оның өзіне тән орнының қалмауы еді. Өйткені сол аумақта Браим Диас пен Арда Гүлер сынды ойыншылар да бар. Нәтижесінде Анчелотти Джудты алдыңғы маусыммен салыстырғанда әлдеқайда төменгі шепке ығыстыруға мәжбүр болды. Бірақ орталық алаңда ол шабуыл шебіндегідей жарқырап, тиімділік көрсете алмады.
Родриго да бұл өзгерістен жапа шекті. Формалды түрде оның нақты бәсекелесі болмағанымен, ойынға ықпал ету деңгейі айтарлықтай төмендеді. Себебі Мбаппе келгелі бері «Реалдың» барлық шабуылы сол қанат арқылы ұйымдастырыла бастады. Ал оң қанат назардан тыс қалып, толық іске қосылмай қалды. Бұл жағдай Родригоның әлеуетін ашуға мүмкіндік бермей, оның ойынына көлеңке түсірді.
Бәлкім, Трент Александер-Арнольдтың келуі ойын құрылымын өзгертіп, оң қанатқа жан бітірер. Бірақ бұл енді жаңа бапкердің қолында және мүлде басқа тактикалық жүйеде жүзеге аспақ. Анчелотти Мбаппе мен Винисиуске шектен тыс сенім артып, қалған ойыншыларды тек алаңдағы жағдай қиындаған сәтте іске қосып отырды. Алайда мұндай сәттерде оларда ойын тағдырын өзгертуге жеткілікті уақыт бола бермеді.
Сонымен қатар, «Реалдың» бар сәтсіздігін тек Мбаппемен байланыстыру әділетсіз болар еді. Себебі Килиан өз міндетін мүлтіксіз орындап жүр - ол өз дәрежесіне лайықты түрде голдар соғып жүр. Мбаппе Ла Лиганың маусымдағы үздік сұрмергені атанып, 29 голмен маусымды аяқтады. Осылайша, ол «корольдік клуб» тарихындағы ең нәтижелі дебютант ретінде есте қалды. Бұл - өз алдына үлкен жетістік.
Шын мәнінде, «Реалдың» түйткілдері Мбаппенің трансферімен басталмаған, бұл - шабуыл шебіндегі тұтастықтың болмауының салдары. Анчелотти бұған дейін ойыншыларды орынды қолдана біліп, олардың мүмкіндіктерін толық аша алатын. Бірақ бұл жолы ол өзіне тән машығын көрсете алмады.
Тағы бір өзекті мәселе - Мбаппенің артында ойынды үйлестіретін, шабуылды ұйымдастыратын ойыншылардың жетіспеуі. Килиан шабуылды керемет жылдамдықпен дамытып, өзі-ақ аяқтайды. Бірақ оған сол шабуылды бастайтын, допты жеткізетін ойыншы қажет. Тони Кроос мансабын аяқтады, Лука Модрич жасына байланысты бұрынғыдай толық ойын өткізе алмады. Ал Браим Диас әзірге тек ротация ойыншысы ретінде ғана көрінеді, дегенмен, оның ойыны үлкен сенімге лайық екенін де жоққа шығаруға болмайды.
Бүгінде «Реалда» шабуыл шебіндегі ойыншыларға ұзақ немесе орта қашықтықтан дәл пас шығаратын, ойынды үйлестіріп, комбинация жасай алатын ойыншы жоқ. Қысқаша айтқанда: «Реалдың» қазіргі құрамында Кроос жоқ - ал бұл клуб үшін аса маңызды фактор.

Команданың басына түскен тағы бір үлкен ауыртпалық - жарақаттардың көптігі. Әсіресе, қорғаныс шебінде. Маусым барысында командада кей сәттерде негізгі құрамға қояр сау қорғаушының табылмауы - дағдарыстың айқын көрінісі. Дани Карвахаль мен Эдер Милитао ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт қатардан шығып қалды. Давид Алаба да алаңға оралғанымен, бұрынғы сенімділігін көрсете алмады.
Ферлан Менди жарақат алудан көз ашпады. Бірнеше позицияда өнер көрсете алатын Эдуардо Камавинга да маңызды сәттерде саптан шығып қалды. Әрине, Федерико Вальверде секілді әмбебап ойыншының болуы - үлкен артықшылық. Бірақ оны әрқашан барлық позицияның жамаушысы ретінде қолдану - тұрақты шешім бола алмайды. Командаға да, ойыншыларға да тұрақтылық ауадай қажет.
Нәтижесінде, «Реалдың» маусымы жүйесіз және ретсіз өтті. Қағаз жүзінде олар ішкі турнирлердің бәріне үміткер болып көрінгенімен, нақты сәтте «Барселонаға» барлық трофейді тым оңай бере салды. Бір тұста каталондықтармен бетпе-бет кездесуде жеңілді, бір жерде оларды еркіндікке жіберіп қойды. Қалай болғанда да, бұл маусымды - жоғалған жыл деуге толық негіз бар. Әсіресе «Реал» үшін. Себебі бұл клубтың табиғаты жеңістер мен титулдардан тұрады.
Соған қарамастан, болашаққа үмітпен қарауға себеп бар. «Реал» жазғы трансферлік терезені белсенді бастап кетті - олар жас қорғаушы Дин Хейсенмен келісімге қол қойды. Бұл тек бастамасы ғана деген ой туады. Жаңа бапкердің келуімен, жаңа ойыншылармен және жаңа тактикалық жүйемен «корольдік клуб» қайтадан бұрынғыдай қуатты және бәсекеге қабілетті командаға айналуы бек мүмкін.


Футбол
Бүгін 13:52