Месси Аргентина құрамасы сапындағы қоштасу матчын өткізді: бұл қалай болды
Лионель Месси Аргентина құрамасы сапындағы соңғы матчын өткізді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бенинге қарсы жолдастық кездесуде «альбиселесте» капитаны команданың барлық үш голына да үлес қосты — оның еншісінде бір гол және екі нәтижелі пас бар.
Матч алдында алаңға Мессидің нөмірі мен GRACIAS жазуы бейнеленген алып жейде жайылды. Бүгін бүкіл Аргентина капитанына «рақмет» айтып жатыр.

Аргентина 48-минутта есеп ашты: Месси бұрыштама добын орындаса, Николас Отаменди допты ұшып келе жатып соғып, қақпаға дарытты. Қорғаушы үшін бұл матч та ұлттық құрама сапындағы соңғы ойын болды.

61-минутта Месси Нико Пасқа нәтижелі пас берді, ал ол алаң иелерінің басымдығын еселей түсті. Тағы он минут өткен соң 39 жастағы аргентиналық пенальтиді дәл орындап, қорытынды есепті белгіледі — 3:0.
Осылайша, Месси Аргентина құрамасындағы өнерін матчтар, голдар және нәтижелі пастар саны бойынша ұлттық рекордшы мәртебесінде аяқтады.
Аргентиналық шабуылшының халықаралық мансабындағы соңғы сәт таспаға жазылды — аңыз ойыншымен дрондар шоуы арқылы осылай қоштасты.

Әкем туралы ойлаймын
Сондай-ақ Месси Бенинмен болған ойыннан кейін жанкүйерлер алдында қоштасу сөзін сөйледі.
«Бүгін бірдеңе айту өте қиын: эмоциям тасып тұр, басымда сан түрлі ой бар. Мен ең алдымен әкемді ойлап тұрмын. Менің қолымнан келетіні — қоштасу хатымда жазғанымдай, алғысымды білдіру. Бұл жейдені 20 жылдан астам уақыт кию мен үшін зор мақтаныш болды. Ең қиын кезеңдердің өзінде мен ешқашан күресуді тоқтатқан жоқпын, әрдайым бар күшімді салдым және әрқашан сапта болдым. Командамен қоштасу маған қатты ауыр тиеді. Ант етемін, мен мұнда өмір бойы келіп тұрғым келер еді, өйткені Аргентина құрамасы үшін ойнау — басыма түсуі мүмкін ең керемет нәрсе», – деп Мессидің сөзін TyC Sports келтіреді.

Бұдан бөлек, Месси өз сөзінде Аргентина құрамасын жек көретіндерге де жауап қатты:
«Өткен әлем чемпионаты туралы да бірер сөз айтқым келеді. Биыл біз жеңіске жақын болдық, бірақ… Көп адамның біз туралы түрлі сөздер айтқанын білемін. Алайда бұл оғаш сөздерге ешқандай негіз болмағанын мәлімдегім келеді. Ұлттық құрамамыздың сәтсіздікке ұшырағанын көргісі келетін адамдар бар. Біз оларға мұндай қуаныш сыйламауымыз керек. 2022 жылғы әлем чемпионатындағы жеңісті бәріміз бірге қалай тойлағанымыз есімде. Бұл менің жадымда мәңгі сақталады. Қолдауларыңыз үшін баршаңызға рақмет. Мен сіздерді қатты жақсы көремін».
Ол ұлттық құрамадағы дебютін 2005 жылы жасады — 208 матч, 126 гол, 68 нәтижелі пас, әлем чемпионаты, екі Америка кубогы, Финалиссиманың және 2008 жылғы Олимпиаданың алтын медальдары. Осылайша, Мессидің Аргентина құрамасындағы тарихы аяқталды.