«Мен демалуды ұнатпаймын»: Леонов «Ақтөбеден» кейін жаңа ұсыныстарға дайын


21 сәуірде украиналық маман Игорь Леоновтың «Ақтөбенің» бас бапкері қызметінен кеткені белгілі болды. Sports24.kz тілшісімен сұхбатында жаттықтырушы клубтағы ең таңғаларлық сәттер туралы айтып, жұмысының нәтижесін қорытындылады.
2024 жылдың қыркүйегінде Алматыдағы Орталық стадионда өткен Қазақстан Кубогының финалында «Ақтөбе» «Атырауды» жеңіп, тарихта екінші рет Кубоктың жеңімпазы атанды.
«Менің есімде қалған ең жарқын сәттердің бірі – «Ақтөбеге» келуім және Қазақстан Кубогын жеңіп алуымыз. Бұл трофейді клуб 16 жыл бойы иелене алмай келген. Сондықтан бұл жеңіс мен үшін де, клуб үшін де аса маңызды жетістік болды. Сонымен қатар, чемпионаттағы үшінші орнымызды да ерекше атап өткім келеді. Осы сәттер – менің «Ақтөбедегі» бапкерлік жолымның ең жарқын кезеңдері», – деп бөлісті маман.
Жаттықтырушы клубтан өз қалауымен кеткенін айтты. Украиндық маман ұзағырақ мерзімге қалғысы келгенімен, басшылықпен барлығын талқылап, түпкілікті шешім қабылдады.
«Біз барлығын басшылықпен, атап айтқанда, бастықпен сабырлы түрде талқылап, ортақ шешімге келдік. Әрине, тағы да біраз уақытқа қалып, жұмыс істеуге болар еді, бірақ осындай шешім жақсырақ болар еді деп ойладым. Бұл менің салмақты және саналы шешімім», - деді Леонов.
Ол бас бапкер қызметін жеті ай ғана атқарды. 2024 жылдың қыркүйегінде Леонов ресейлік маман Дмитрий Парфеновтың орнына келген болатын.
«Мен команданы жақсы білдім, өйткені мен мұнда бұрын жұмыс істегенмін. Команда толыққанды болды және жалпы алғанда олар өте лайықты жігіттер. Әрине, жеңілістерім де болды, бірақ жалпы бұл мен саналы түрде барған ауыр сынақ болды. Менің ойымша, мен ешкімді қапы қалдырған жоқпын. Біз бәріміз - жаттықтырушылар құрамы, спорт директоры, ойыншылар - бір кісідей жұмыс істедік. Біз бірге Кубокты жеңіп алдық және лигада үшінші орынды иемдендік. Бұл - біздің бірлескен жұмысымыздың нәтижесі», - деп қосты бапкер.
Сонымен қатар, маман Қазақстанда қалғысы келетінін және жергілікті клубтардан қызықты ұсыныс түскен жағдайда жаңа команданы басқаруға дайын екенін хабарлады.
«Қазір нақты жоспарлар жоқ, бірақ Қазақстанда қалғым келеді. Әзірге ұсыныстар түскен жоқ, бірақ ашығын айтсам – мен бос отыруды ұнатпаймын. Маған қозғалыста болу, футбол өмірінің ырғағын сезіну маңызды. Егер қызықты ұсыныс болса – міндетті түрде қарастырамын», – деп мәлімдеді Игорь Леонов.
Маман аяқталмаған мақсаттар үшін көңілі қалғанын және клубта көбірек жетістіктерге жетуді қалағанын атап өтті.
«Бұл – бапкерлік мамандықтың бір бөлігі. Әрине, аздап өкініш те бар. Жоспарлаған дүниелерімізді толығымен жүзеге асыра алмадық, командамен бірге бастаған ісімізді соңына дейін жеткізе алмағанымды сезінемін. Әлі де көп нәрсеге қол жеткізуге болар еді. Маған бұл қала ұнап қалды, жанкүйерлердің қолдауын шын жүректен сезіндім. «Ақтөбенің» болашағы жарқын болады деп сенемін, бұл клуб бұған әбден лайық. Командаға тек сәттілік пен үлкен жеңістер тілеймін», - деген сөздермен маман сұхбатты қорытындылады.
Игорь Леонов – украиналық футбол жаттықтырушысы, бұған дейін «Ақтөбе» бапкерлер штабының мүшесі болған, 2024 жылдың қыркүйегінде Дмитрий Парфенов кеткеннен кейін клубты басқарды. Оның жетекшілігімен команда 14 кездесу өткізіп, сегіз жеңіске жетіп, бір рет тең түсіп, бес рет жеңіліске ұшыраған. Негізгі жетістіктері Қазақстан Кубогындағы жеңіс пен чемпионаттың қола жүлделері болды, бұл клуб үшін соңғы жылдардағы ең жақсы маусымдардың бірі болды.
«Ақтөбеге» дейін Леонов украиналық клубтарды, соның ішінде «Ильичевец», «Арсенал», «Минай» және винницалық «Ниваны» жаттықтырған. Сондай-ақ, ол ұзақ жылдар бойы донецктік «Шахтер» академиясында жұмыс істеді.

Футзал
Бүгін 07:30

Басқа спорт түрлері
Бүгін 06:18

Футбол
Бүгін 01:42