«Манчестер Сити» берілмейді: Хусановтың клубы АПЛ комиссиясының шешіміне апелляция берді
«Манчестер Сити» Премьер-лиганың тәуелсіз комиссиясының клубты қаржылық фэйр-плей ережелерін бұзғаны үшін кінәлі деп тану туралы шешіміне апелляция бергенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Клуб мәлімдемесіне сәйкес, тиісті құжаттар Гринвич уақытымен 1 қазанда сағат 19:00-де (Астана уақытымен 2 қазанға қараған түні) тапсырылған.
««Манчестер Сити» футбол клубы 2026 жылғы 1 қазан, бейсенбі күні сағат 19:00-де клубқа қатысты тәртіптік іс бойынша Премьер-лига комиссиясының шешіміне жан-жақты апелляция бергенін ресми түрде растады.
«Манчестер Ситидің» берік ұстанымы — шығарылған шешімнің бірнеше тармақ бойынша құқық, қағидаттар мен фактілерге қатысты елеулі қателіктерді қамтитынына байланысты оны негізді деп санауға болмайды.
Клуб Премьер-лига тарапынан тағылған айыптарды толығымен жоққа шығарады және іс бойынша барлық аспектіде өзінің дұрыстығын растайтын, бұлтартпас дәлелдердің толық жиынтығы бар екенін мәлімдейді. «Манчестер Сити» өкілдері сондай-ақ процестік нормаларды сақтауды жалғастыратынын және барлық талқылаулар аяқталғанға дейін бұдан әрі түсініктеме беруге шектеу қойылатынын атап өтті», — делінген клуб мәлімдемесінде.
Еске сала кетейік, «Манчестер Ситидің» қаржылық фэйр-плей ережелерін бұзғаны туралы 115 тармақтан тұратын іс — ағылшын футболы тарихындағы ең даулы, тіпті ең шулы істердің бірі. Әзірге «қалалықтарға» қандай жаза қолданылатыны белгісіз, алайда британдық шенеуніктер клубтың АПЛ-ден шығарылуын да жоққа шығармайды.