Максим Шацких – Абдуқодир Хусанов туралы және Өзбекстанның 2026 жылғы әлем чемпионатына шығу мүмкіндігі жайлы


«Пахтакор» клубының спорт мәселелері жөніндегі президент кеңесшісі Максим Шацких Sports24.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында ағылшындық «Манчестер Сити» клубында ойнайтын өзбекстандық қорғаушы Абдуқодир Хусанов пен Өзбекстан құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатына шығу мүмкіндігі туралы пікір білдірді.
– Максим Александрович, Хусанов жайлы не ойлайсыз? Гвардиола оны манчестерлік дербиде де, «Кристал Пэласқа» қарсы ойында да алаңға шығарған жоқ. Сіздің ойыңызша, Абдуқодир «Сити» негізгі құрамында ойнай ма?
– Оның бұл матчтарда ойнамағаны ештеңе білдірмейді. Абдуқодир негізгі құрамда ойнайды. Мен айттым, айтып жүрмін және айта берем: Хусанов – «Манчестер Сити» клубының болашағы. Ол ойнайтын болады! Кешіріңіздер, бірақ ол небәрі 20 жаста. Ол «Сити» сапында сенімді ойындар өткізді. Қазір ағылшын клубында жаңару процесі жүріп жатыр, және бұл әлі де жалғасады деп ойлаймын. Қазіргі «Манчестер Сити» — біз білетін, күткен команда емес. Сол себепті, клубта жаңғыру жүреді. Хусановты да осы үдеріс аясында шақырды. Шын мәнінде, Абдуқодир – өте сапалы футболшы. Сонымен қатар жақсы адам. Ол футболдық интеллектке де, физикалық дайындыққа да ие. Еуропалық аренада суперклубта ойнауға қажетті барлық қасиеті бар. Оның алаңға шықпағаны — бұл жай ғана ротация, бұл – қалыпты жағдай.
– Қалай болғанда да, АПЛ-дың алпауыт клубынан алатын тәжірибе қандай керемет емес пе!
– Хусанов «Манчестер Сити» сапына қабылданды, енді ол жерден оңай кетпейді. Оның мансабы жақсы қалыптасады. Барлығы өзіне байланысты. Ал Абдуқодир — психологиялық тұрғыда өте мықты жігіт. Қорғаушылар мен қақпашылар арасында қателіктен кейін ойыны бұзылып кететіндер бар. Бірақ бұл – Хусановқа тән емес. Ол сабырлы, ақылмен ойнайды, артық эмоцияға берілмейді. Бұл жағынан оның қасиеттері өте жақсы.
– Хусановты аңызға айналған қорғаушылардың біреуімен салыстыруға бола ма? Мысалы, Пуйольмен немесе Пикемен?
– Пуйольмен емес. Ол эмоцияға көбірек берілетін ойыншы еді. Хусанов – тәрбиелі, мәдениетті, және әзірге көп сөз сөйлемейтін жігіт. Мүмкін, уақыт өте келе ашыла жатар. Қазір ол үндемей, өз ісін атқарады. Пикемен де салыстыру қиындау. Кіммен салыстыруға болады?
– Бәлкім, Пепемен? Жауынгерлік мінезі бар ғой!
– Мүмкін. Бірақ Пепе ондайға жылдар өте келе жетті, жылдамдығы мен физикалық дайындығы азайған кезде, оны басқа әдістермен толтыра бастады. Ең дұрысы — Хусанов сол күйі, өзінше қала берсін!
Өзбекстан құрамасының әлем чемпионатына шығу мүмкіндігі жайлы не айтасыз?
– Айтарым – аз қалды. Әлем чемпионатына шығу үшін жарты қадам ғана жетіспейді. Бірақ дәл сол жарты қадам — ең қиын, ең ауыр. Сол себепті, сол кішкентай қадамды жасау керек деп ойлаймын. Біз оны жасай аламыз деп сенемін. Проблема болмауы керек. Бірақ бұл мәселені келесі ойында шешіп тастаған жөн. Бізде қалған матчтар – сырт алаңда БАӘ-мен және үйде Катармен. Егер Эмираттарда тең ойнасақ, біз әлем чемпионатына шығамыз.
– Мүмкін, сол БАӘ-мен ойында Өзбекстан өз күшті тұсы – қорғанысқа сеніп, гол жібермеуге ұмтылғаны дұрыс болар?
– Иә, қорғаныстан жылдам шабуылдарға көшу тактикасымен ойнау керек болады.

Футбол
Бүгін 18:07

Футбол
Бүгін 17:27

Футбол
Бүгін 16:59