«Лион» Лига 2-ге түсірілген шешімге қарсы шағымданбақ: клуб қаржылық тұрақтылығын дәлелдеуге дайын


Францияның әйгілі футбол клубы «Лион» өздерінің ресми сайтында Ұлттық бақылау және басқару дирекциясының (DNCG) шешіміне түсініктеме берді.
Аталған шешімге сәйкес, қаржылық талаптардың орындалмауына байланысты команда екінші дивизионға түсірілуі тиіс.
Клуб басшылығы бұл шешіммен келіспейтінін және оны дереу апелляцияға беретінін мәлімдеді.
Мәлімдемеде соңғы айларда «Лион» DNCG ұйымымен тығыз жұмыс жасап, барлық талаптарды орындағаны, соның ішінде акционерлік капиталға қажетті сомадан да артық инвестициялар тартқаны атап өтілді. Инвесторлардан түскен қаржы мен «Кристал Пэлас» клубындағы үлестің сатылуы арқасында клубтың қаржылық жағдайы едәуір жақсарғаны да айтылды.
«Біз Еурокубоктарда қатарынан екі маусым ойнаған және Лига 1-де тұрақты өнер көрсетіп жүрген мұндай беделді клубтың элиталық дивизионнан шеттетілу қаупіне қалай тап болғанын түсіне алмай отырмыз», - делінген клуб хабарламасында.
Ақпарат көздерінің мәліметінше, бұл санкцияның басты себебі - 175 миллион еуродан асатын қарыз. Алайда ережеге сәйкес, клуб шешім туралы хабарлама алғаннан кейін жеті күн ішінде апелляция беруге құқылы.
2024/25 маусымында «Лион» Лига 1 турнир кестесінде алтыншы орын алып, Еуропа лигасына жолдама жеңіп алды. Клуб тарихында Франция чемпионатының жеті, ұлттық Кубоктың бес жеңісі бар.

Футбол
Бүгін 08:37

Футбол
Бүгін 08:11