Корольдік клубтағы мәселелер: Реалдың құлдырауының құпиясы неде?
Неліктен өткен маусымда даңқтың биік шыңына көтерілген Корольдік клуб биыл осындай күрт төмендеу жолына түсті? Бұл сауал “Реал” жанкүйерлерінің ғана емес, футбол әлемінің де көкейінде тұр.
Қараша келіп, күн салқын тарта бастағанда, УЕФА нұсқасы бойынша өткен маусымның үздік командасы 24/25 маусымының алғашқы үш айында өз-өзін таппай, дағдарыс құрсауында қалып отыр. Мықты құрамына қарамастан, “Реал” қалайша бұрынғыдай өзіне тән жарқыраған өнерін көрсете алмай, күңгірт бейнесіне айналды?
“Реал Мадрид” тек қана жеңілістерден бас көтере алмай қоймай, бұл жолы өздерінің жанкүйерлерін де қатты қапаландырды. Маусымның басында “Лас-Пальмас” пен “Мальоркамен” тең ойнап, кейін Чемпиондар лигасында “Лилльге” жеңілді. Ал соңғы екі аптада “Барселонадан” (0:4) және “Миланнан” (1:3) ірі есеппен ұтылу - жанға жара салған ауыр соққы болды. Бір ай ішінде олар өткен маусымда көрген жеңілістен де көп рет ұтылып үлгерді (2023/24 маусымында “Реал” тек 2 матчта ғана жеңілді). Бұл жеңілістердің бәрі “Реалдың” қорғанысының символына айналған “Сантьяго Барнабеу” алаңында орын алуы - жүректі сыздатқан жайттардың бірі.
Үш ай бойында “Реалдың” сенімді өнерін тек екі матчта ғана тамашалай алдық: “Вальядолидке” (3:0) және “Эспаньолға” (4:1) қарсы кездесулерде. Бірақ бұл ойындар клубтың жалпы күйін өзгерте алған жоқ.
Сұрақ көп: “Реалдың” құлдырауының себебі неде? Бұл уақытша құбылыс па, әлде әлдеқайда терең дағдарыстың бастамасы ма?
Бұл маусымды “Реалдың” трансферлерінен бастайық. Жазғы трансферлік кезеңде клубтан Хоселу кетті(ол бір немесе, ең жақсы жағдайда, екі маусымға есептеліп алынған ойыншы еді), сондай-ақ Начо мен бірнеше қосалқы құрам ойыншылары командадан жырақтады. Алайда ең ауыр жоғалту - бұл Тони Кроос. Мадридтік клубтың аңызына айналған ойыншы, ол он жыл бойы жартылай қорғанысты бір тұтас ұстап, ойын өрнегінің негізін құрап келді. Оның күтпеген жерден гол соғуға қабілеті бар еді, ал Модричпен жұбы тарихтағы ең үздік жартылай қорғаушылар дуэтінің бірі ретінде есте қалады.
Командаға қарымта ретінде бұрыннан келісілген жас шабуылшы Эндрик және жұлдызды Килиан Мбаппе келді (бұл жайлы кейінірек толығырақ тоқталамыз). Жаз бойы орталық қорғаушы Лени Йороның “Реалға” келуі жайлы сөздер айтылып келсе де, оны “Манчестер Юнайтед” өз қатарына қосты. Ең қызығы, француз ойыншысы жарақатына байланысты манкуниандықтар сапында әлі ресми матч өткізген жоқ.
Команданың қосалқы құрамының тереңдігінің жетіспеушілігі Карвахальдың жарақатынан кейін ерекше байқалды. 32 жастағы испан қорғаушысының тізе байламдары жарақатын алуы оны бір жылға қатардан кетуіне себепші болды және, орнын толықтай алмастыратын ешкімнің жоқ екенін көрсетті. Оң қапталдағы қорғаушы рөлін атқарып жүрген Васкес қорғаныс функцияларын толық орындай алмай, өз қапталында қарсыластарына көп бос кеңістік беріп жүр. Сонымен қатар, “Реалдың” негізгі құрам ойыншылары арасында жарақат алғандар жиі кездеседі - мысалы, Себальос, Браим Диас және тағы басқалар. Бұл жағдайды одан әрі қиындата түсетін жайт - испан БАҚ-тың мәлімдеуінше, “Реал” қысқы трансферлік терезеде құрамды күшейтуді жоспарлап отырған жоқ.
Бұған қоса, бапкердің жастарға деген сенімсіздігі көзге ерекше түседі. Анчелотти Эндрикті алаңға шығармайды, оның бар болғаны 113 минутта екі гол соққанын ескерсек те (салыстыру үшін, Мбаппенің 1240 минут ішінде, пенальтисіз есептегенде, төрт голы бар). Ал Гүлер, Еуро-2024 турнирінде жарқын ойын көрсеткеніне қарамастан, тек қосалқы құрамда қалып отыр. Бапкер тек уақытпен сыналған ойыншыларға сенетіндей әсер қалдырады. Алайда бұл құрам жұмыс істемесе де, “Реалдың” басты қарсыласы “Барселона” жас таланттарға негізделген команданы құрып, нәтижелер көрсетуде. Бұл айырмашылық Эль-Класикода айқын көрініс тапты - каталондықтар 4:0 есебімен жеңіске жетті.
Кейде Анчелоттидің өз шешімдеріне деген сенімсіздігі байқалады. “Миланға” қарсы ойында ол орталық жартылай қорғаушы Федерико Вальвердені оң қапталға қойды, ал номиналды қаптал ойыншылары Родриго мен Браим алаңға шыққан жоқ. Сондай-ақ, әр матчта қайталанып тұратын Ферлан Мендиді Фран Гарсияға алмастыру да ерекше назар аударады.
Джуд Беллингемнің өткен маусымдағы нәтижелілігінің төмендеуі де өзекті мәселеге айналды. 2023/24 маусымында ағылшын ойыншысы “Реалдың” негізгі ойыншысы болған еді. Соңғы рет “Алавеске” қарсы 14 мамырда гол соққаннан бері, ол жаңа маусымда әлі қарсылас қақпаның саңылауын тауып, гол авторы атанған жоқ. Бұл жағдай жанкүйерлердің көңілін түсіреді. Беллингемнің соңғы голы соғылғанда Иньеста әлі кәсіби футболшы болатын - бұл қызық жайттардың бірі.
Жоғарыда айтылған себептерді ескерсек, сұрақ туындайды: неге жұлдыздармен толы бұл команда өз әлеуетін көрсете алмай жүр? Жауабы қарапайым: жұлдыздардың көптігі үйлесімділікті бұзуы мүмкін. “Реалдың” ең үлкен мәселесі - Мбаппе мен Винисиус арасындағы шиеленіс. Винисиус командада бірнеше жыл ойнағанымен, Мбаппе жаңа келген. Дегенмен, француз ойыншысы өз жағдайына риза емес екені көрінеді.
Көптеген БАҚ Мбаппенің “тоғыздық” рөлінен шаршағанын және сол қапталда ойнағысы келетінін хабарлауда. Ал сол қаптал - Винисиустың орны. Жұлдыздар арасындағы шиеленіс “Алтын допты” жеңіп алу жарысында одан әрі тереңдей түсіп, Винисиустың “Мен мұны тағы 10 рет қайталаймын. Олар дайын емес” деген сөзімен күрделене түсті. Бұл жағдай “Миланға” қарсы ойында дәлелденді, себебі бірінші таймда екі шабуылшы тек екі рет қана бір-біріне пас берді.
Командада Родриго мен Беллингем сияқты басқа да жұлдыздар бар. Беллингем өз орнын жоғалтқысы келмейді, ал Мбаппенің келуі жағдайды қиындатып отыр.
Анчелотти басқарған “Реал” үшін белгілі бір заңдылық - Чемпиондар лигасындағы жеңістен кейінгі маусымда сәтсіздіктер. 2013/14 маусымындағы жеңістен кейін, 2014/2015 маусымында бірде-бір жүлде жеңіп алған жоқ. Сол сияқты 2021/2022 маусымындағы жеңістен кейінгі маусымда да жағдай қайталанды. Қазіргі маусымда бұл заңдылық сақтала ма? Бұл алдағы уақытта анықталатын сұрақ.
Егер жағдай өзгермесе, Анчелотти ұзақ уақыт клуб басшылығында қалмайтыны анық. Бірақ ол бұл жағдайды өзгертуге дайын ба? Жауапты уақыт көрсетеді.
Футбол
Бүгін 07:38
Басқа спорт түрлері
Бүгін 05:25
Басқа спорт түрлері
Бүгін 02:49