locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Кирилл Кекер: "Step by step, қадам сайын алға жылжып жатырмыз"

ФОТО:  ОРДАБАСЫ

"Ордабасы" бас бапкері Кирилл Кекер оңтүстік дербидегі жеңісіне қатысты пікір білдірді.

"Бүгін біз ойыншылармен бұл оңтүстік дерби екенін айттық. Дерби матчтары әрдайым қиын әрі ымырасыз өтеді. Бірақ, мен ойыншылар мен жанкүйерлерді құттықтаймын, себебі жеңіліске дұрыс жауап беру маңызды болды. Бүгінгі таңдаған жоспарымыз іске асып, ойыншылардың реакциясы оң болды. Бірінші де, екінші таймда да көптеген мүмкіндіктер жасадық, бірақ бәрін жүзеге асыра алмадық. Есеп бұдан да ірі болуы керек еді. "Тұран" көбіне екінші нөмірмен ойнады, олардың қарсы шабуылдары жақсы шықты, бірақ біз бұл жағдайға дайын болдық.

Біз ойыншыларымыздың күшті жақтарын ескере отырып, 4-3-3 және 4-2-3-1 ойын жүйелерін қолданып көрдік. Кейбір нәрселердің сәті түспей жататынын байқадық, сондықтан ойыншыларды бейімдеуге көбірек уақыт керек екенін түсіндік. Алайда қазір уақытымыз тым аз. Сондықтан қолда бар мүмкіндіктермен жұмыс істеуге тырыстық. Жігіттердің қалай жаттығып жүргенін көріп, оларға не жақсы келетінін жасауды жөн деп санадық. Сонымен қатар, "Тұранның" ойындарын қарап, белгілі бір аймақтарда артықшылық жасауға тырыстық. Біз алға жылжып келеміз, бірақ кейбір нәрселер үшін көбірек уақыт қажет. Step by step, қадам сайын алға жылжып жатырмыз", – деді Кекер. Бапкердің сөзін Sports.kz сайты шымкенттік клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап жеткізді.

Айта кетейік, бүгін "Ордабасы" 14-турдың кейінге қалдырылған матчында "Тұранды" 2:0 есебімен жеңді. Бұл матч команда жазда Лига конференциясының іріктеу кезеңіне қатысуына байланысты кейінге шегерілген болатын. Қазіргі уақытта "Ордабасы" турнирлік кестеде екінші орында тұр, көшбасшыдан бір ұпайға ғана артта, сонымен қоса клубтың тағы бір қосымша ойыны бар.