«Қызылжар», «Тұранға» қарсы ойынға екі негізгі ойыншысын жоғалтты


Петропавлдық «Қызылжар» командасы Қазақстан чемпионатының төртінші турындағы «Тұранға» қарсы матчқа екі негізгі жартылай қорғаушысынан айырылды, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Ордабасыға» қарсы өткен кездесуде бразилиялық легионер Рафаэль Сабино бұлшық ет жарақатын алып, 52-ші минутта алаңнан кетуге мәжбүр болды. Петропавлдықтар бұл ойында сырт алаңда тең нәтижеге қол жеткізді.
Қазақстандық жартылай қорғаушы Самат Жарынбетов болса, жарақатына байланысты «Ордабасыға» қарсы матчтың өтінімінде болған жоқ. Тәжірибелі ойыншы жаттығу кезінде жарақат алғандықтан, әлі толық сауығып үлгермеген.
Қазіргі уақытта екі ойыншының нақты қашан алаңға оралатыны белгісіз. Дегенмен олардың «Тұранға» қарсы ойында командаға көмектесе алмайтыны анық.
Теріскейлік клуб маусымның алғашқы үш турында екі ұпай жинап, турнирлік кестеде 11-ші орынға жайғасты. Алдағы матчта «Қызылжар» өз алаңында «Тұранды» қабылдайды.

Футбол
Бүгін 06:03
